«Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының аймақтық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Сайысқа үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлер мен өнертапқыштар тың идеяларын ұсынған болатын.
Алматы облысынан байқауға қатысуға 20-дан астам ұжым өтініш білдірген. Ол жобалар мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруы мен қарым-қатынасын жеңілдетуге, қоғамға бейімделіп, жұмысқа орналасуына жағдай туғызуға бағытталған, - дейді байқау комиссиясының өкілдері. Аймақтық кезеңнің басты жүлдесі мүгедектер арбасын электрмен жабдықтау жобасы үшін кәсіпкер Нұрболат Қарабасовқа берілді.
Байқаудың екінші кезеңінен сәтті өттік. Алдағы сынақтан да сүрінбей өтіп, әлеуметтік маңызы зор жобамызды көпшілікке таныстырып, жеңіс тұғырынан көрінейік.
Атырауда да байқаудың аймақтық кезеңі қорытындыланды. Жеңісті «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігі қанжығалады. Ақмола облысында да үздік әлеуметтік жоба таңдалды. Жеңімпаздарға өз идеяларын іске асыруға қажет ақшалай сыйлықтар табысталды. Енді олар республикалық байқаудың үшінші кезеңінде өзге аймақтармен бақ сынасады. «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауы 2013 жылдан бері өткізіліп келеді, биылдан бастап оған «Нұр Отан» партиясы ұйытқы болды.