Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Тараздағы «Көктем» алабының тұрғындары өркениеттен қалыс қалған

AstanaTV
07.08.2018ж. 20:00
3030
Тараздағы «Көктем» алабының тұрғындары өркениеттен қалыс қалған

Тараздағы «Көктем» алабының тұрғындары өркениеттен қалыс қалдық деп шу шығарды. Олар 10 жылға жуық Тараздың түбінде тұрса да инфрақұрылым игілігін көре алмай келеді. Жүздеген үй қала құрамына кірсе де, су мен жарыққа жарымай отыр. Жарығы жанбайтын бұқараны қараңғыда қарақшылар да мезі еткен.  Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.

Суымыз нашар. Бірде бар, бірде жоқ. Қалай ұрлық болмайды, міне жарық жоқ, жарық болмаған, соң ұрлайды да.

«Көктем» алабында тұратындар басындағы базынасын қайсысынан бастарын білмей дал болды. Өйткені мұнда шешімін таппаған мәселе шаш етектен. Атшаптырым аумаққа халық 8 жыл бұрын қоныстана бастапты. Қалаға қосылса да, су мен жарыққа жарымай келеді, тіпті көгілдір отын да тартылмаған. Ал үй тонаушылардың үйде адам барынан қорықпайтыны жығылғанға жұдырық болып тұр. 

Тергеушілердің өздері келіп, арыз жазбаңыздар деп үгіттейді. Өйткені олар қылмысты аша алмайтынын біліп тұрады. Менің көршілерімнің бір де біреуі арыз түсірмеді. Мысалы, бір үйден 850 мың теңге ұрланды. Қайрат деген көршім үйінде жүрген ұрыны көріп қалып, ұйықтап жатқан адам секілді өтірік жата берген. Өйткені өлтіріп кете ме деп қорыққан.

Күні кеше бір күнде 5 үй тоналыпты. Ал шу шыққан жерге жедел жеткен полиция бастығы тұрғындарға сақ болуды ғана ескертіп кетті, деп отыр.

Еркеғали Сартбаев, Тараз қалалық жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы:

"Сақ болсаң, сақтаймын" деп Құдай тағала айтады. Полиция көшеде бар деп, есікті ашып қойсаңыздар, дүние емес өздеріңізді алып кетеді.  Қала бойынша 300 полиция қызметкері бар. Олар барлығыңызға бірдей жетпейді. Немесе әр қайсыңыздың есік алдыңызға кеп отырмайды.

Ұрлық күнде де, түнде де болады. Ұйықтай алмаймыз түнімен. Кезекте тұратын болдық. Шал сен 3-ке дейін ұйықтама, мен 5-ке дейін ұйықтамаймын деген әңгіме боп жатыр. Қазір күн ыстық. Бізде желдеткіш жоқ. Оны қайдан қосамыз, жарығымыз жоқ. Тараз болып саналамыз ғой. Неге бұлай, түсінбейміз.

Кей тұрғындардың үйлерінде жарық бар. Олар оны жақын маңдағы көршісінен алып отыр. Оның өзі кешкісін сығырайып қалатынын айтады. Көмескі жарық көзді ауыртып бітті деген олар, қала әкімінің алдына талай барғандарын да айтты. Алайда құрғақ уәдемен жылдар жылжып жатыр дейді.

Ғалымжан Айтқұлов, Тараз қалалық әкімдігі  құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

2019 жылдың жарты жылдығына дейін жобаны әзірлесе, келесі жарты жылдығында ауыз су, свет тартамыз.

Данияр Әлімқұл, тілші:

«Көктем» алабында тұратын көпшіліктің көңілін табу үшін ұрыларды ұстап, инфрақұрылым игілігін көрсету керек. Олай болмайынша, тұрғындары табалдырығын торыған ұрылардың кесірінен көшіп кету мүмкін. Онсыз да он шақты үй  қазірдің өзінде баспаналарына баға сұрап, сатылымға шығарған.

Данияр Әлімқұл