Елдегі жалғыз диабет мектебі жабылып қалуы мүмкін. Өйткені қаражат жоқ. Жыл басында денсаулық сақтау басқармасы тарапынан тендер арқылы қомақты сомма аударылуы тиіс болатын. Алайда 8 айдан бері ақша бөлінбеген. Мән-жайды Олжас Нұржақып анықтап көрді.
Мадина Қосаеваның кішкентай қызы диабетке шалдыққан. Ауру жабысқанын бірнеше ай бұрын біліпті. Содан бері диабет мектебіне жиі келеді. Аурумен қалай күресу қажеттігін осы жерде жерде тереңірек түсіне бастаған.
Мадина Қосаева, Алматы қаласының тұрғыны:
Егер осы мектептің барын естімесек, келмесек, баламызға қалай ем-дом көрсетуді терең білмес ек. Кейде өзің үйде укол салайын деп инені тыққанда қан кетіп жатады. Ал мұнда осы қиындықты қалай еңсеруге болатындығын үйретеді. Себебі ауруханаларда эндокринологтардың жұмысына үйрету кірмейді ғой. Сондықтан осы мектепке жиі келеміз.
Диабетпен күрес мектебі 2013 жылы ашылған. Содан бері өз келушілеріне тегін қызмет көрсетіп келеді. 5 жыл ішінде 2 жарым мыңға жуық жан аурумен күресуді үйренген. Нәтижесі де жаман емес. Олардың 80 пайызы өз денсаулықтарын өздері күте отырып, жақсы көрсеткішке жеткен.
Лейла Жұбандықова, ҚР Диабет қауымдастығының президенті:
Негізінен диабетпен қалай күресу керек, қандай өмір салтын ұстану, өз денсаулығын жақсартуға қанша уақыт бөлу, қандай дәрілерді қабылдау керек деген сауалдар науқастардың бәрін мазалайтыны сөзсіз. Ал диабет мектебінде осы мәселенің бәрі қамтылады. Тек қамтылып қана қоймайды, мұнда оқуға келгендерден жақсы нәтижелер көруге болады. Тіпті, диабетпен ауыратын аяғы ауыр келіншектерге де бұл жерде үлкен мүмкіндіктер бар.
Алғаш ашылған уақытта мектепке қаржылық көмекті фармацевтикалық компаниялар көрсетіп отырған. Өткен жылы осы жүкті әлеуметтік мәселені қамту үшін қала билігі қолына алыпты. Бірақ биыл қаражат бөлінбей отыр. Сондықтан ай сайын қызметкерлер мен жалға алған нысан үшін төленетін 1 миллион теңгені табу қиынға түсіп отыр.
Наталья Тукалевская, «Диабетикалық білім беру қоры» ҚҚ жетекшісі:
Шілде айында науқастар кезекке тұрып қойғандықтан, жұмыс істеуге тура келді. Бірақ тегін. Қызметкерлерге еңбекақы төленген жоқ. Нысанның жалға алу қаржысы тағы бар. Енді тамыз айында тағы тізілген адамдар. Бірақ оларға ескерттік. Жақын уақытта ақша түспесе, мектеп жабылады деп. Дей тұрғанымен үмітімізді үзгіміз келмейді.
Диабет бойынша ақпараттық білім беру орталығы бағытында тендер осы жылдың ақпан айында жариялануы керек болатын. Бірақ денсаулық сақтау басқармасында көрсетілмегендіктен, сәуір айында қайта қаралған. Тіпті бөлінген қаржы бойынша байқау да өткізілген. Техникалық ақауларға байланысты кімнің жеңгенін білу мүмкін болмай тұр, дейді басқармадағылар.
Қаракөз Қожахметова, Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Сәуір айында бұл мәселе қайта қаралып, бюджеттен 39 миллион теңге қосымша бөлінген. Оның ішінде 5 миллион 800 мыңын қант диабетімен ауыратын науқастарды оқыту-білім беру бағытында жұмсау көзделіп отыр. Техникалық себептерге байланысты өтініш берген 3 компанияның қайсысы жеңгенін білу қиын болып тұр. Бірақ жақын уақытта мәселе өз шешімін табады.
Яғни
денсаулық сақтау басқармасының айтуынша, аталған сомманы алу үшін үш компания
өтініш берген. Оның ішінде осы диабет мектебі де бар. Бірақ нақты бұл жобаны
жалғастыру кімге бұйырары әлі белгісіз. Тек жақын күндері жарияланатын байқау
қорытындысының нәтижесін күту ғана қалып тұр.
Олжас НҰРЖАҚЫП