$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Астана экономикалық форумы өз жұмысын аяқтады

AstanaTV
26.05.2016ж. 20:00
1473
Астана экономикалық форумы өз жұмысын аяқтады

Қазақстан халқының 3 пайызы ғана кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр. 25 жылда халықтың әл-ауқаты артып, экономикалық өсім 20 еседен асып түсті. Астана экономикалық форумының жабылуына қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев бүгін осылай деді. Қазақстан инвестиция құюға ыңғайлы ел екенін осылайша білдірді. Президент жылдағы дәстүрге сай әлемдік қауымдастыққа үндеу тастады. Биыл адам капиталын дамыту қорын құрып, ондағы қаражатты халқына орта білім беруге жағдайы жоқ кедей елдерге үлестіруді ұсынды. Қорға қаражатты байлардың қалтасынан шығару жолын айтты. Мөлдір Бақытқызы тарқатады.

Азиядағы ең бай адам, әлемдегі ең ықпалды әйел, әр жылдары түрлі президенттердің кеңесшісі болған ақылдылар, қысқасы, экономика әлеміндегі ығай мен сығайлар Қазақстанның қазіргі ахуалын, мүмкіндіктерін талқыға салды.

Халықаралық валюта қорының директоры Кристин Лагард экономиканы жедел диверсификациялауды айтады. Екі күн бұрын Астанаға келіп кеткен ханым бейнежолдау жасады. Ал Рональд Рейган мен Маргарет Тэтчердің кеңесшісі болған америкалық экономист Артур Лаффер "Мұнай арзандап, кіріс төмендегенде, тиімсіз активтерді  жүк қылмай жаппай сатуды" ұсынды. Британия кезінде солай істеп, қиқы-жиқы теміржолдар жүйткіп, шығынға батқан көмір мен металл өндірісі табысқа кенелген еді. Дағдарыс кезінде бизнестің жұмысына кіріспеу керек. Нарық өзі алып шығады дегенді айтты. Былай қарасақ, Қазақстан үкіметі осыларды іске асырып жатқан сияқты. Эффектісі уақыт өте байқалар. Таза нарықтық қатынастарды тежейтін кедергілер болмаса.

Президент әдеттегідей әлемдік қауымдастық алдында тың ұсыныс айтты. Юнесконың мәліметінше, кедей елдер тұрғындарын орта біліммен қамту үшін, жылына 50 млрд доллар  қажет. Осы ақшаны офшордан алуды ұсынды. 1 пайыз салықтың өзі жер бетіндегі кедей елдердің білім мен денсаулық саласындағы біраз проблемаларын  шешеді  дейді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан  Республикасының Президенті:

Сегодня, по оценкам мировых экспертов, на офшорных счетах хранится от 30 до 40 трлн долларов США. Введение хотя бы 1%-ного глобального налога на эти активы позволило бы вывести образование и здравоохранение в развивающихся странах на новый уровень. Средства по этому налогу можно было бы направить в вышеупомянутый мною Фонд развития человеческого капитала. Считаю, что Международный валютный фонд и Всемирный банк могли бы предложить эффективные меры по деофшоризации глобальной экономики.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев қазір әлемдік экономикада бөлектену, оқшаулану белең алғанын сынады.  Маусым айында өтетін саммитте Индия, Пәкістан мен Иранның "Шанхай" ынтымақтастық ұйымына мүше болуы талқыланады. Дүнежүзілік сауда ұйымынан бөлек өзара сауда-саттық байланыс орнатқан ұйымдардың көбеюі бір біріне қырын қарау, қаржы айналымын шектеу, санкция сияқты текетірестерге соқтыратынын сынап-мінеді. Дамушы елдерден капиталдың ағылып жатқанына қынжылды. Дегенмен Қазақстан халқының 3 пайызы ғана кедейлік шегінде өмір сүріп жатқанын айтты. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз халық кірісінің аражігін алыстатпай, кедейлік деңгейін әлдеқайда азайттық. Егер де 1990 жылдардың басында әрбір үшінші қазақстандық (40 пайызы) кедейлік шегінде өмір сүрген болса, ал қазір кедейлік шегінде өмір сүретін халықтың үлесі  - 3 пайыз. Экономикамызды енді көтеріп жатқанда, біз тұтыну дүрбелеңіне шалдықпай, адами капиталға инвестиция салдық.

Биыл Астана экономикалық форумы  ерекше күткен қонақ  - Джек Ма. Азиядағы ең бай адам. "Алибаба " интернет дүкенінің негізін қалаушы. Желі арқылы  млрд-таған тұтынушыға  түрлі тауар жеткізіп береді.  Оған қарасты "Алиэкспресті" қазақтар жақсы біледі. Джек Ма қазіргі таңда әлемнің түкір-түкпірін аралап мотивациялық  дәрістер оқиды. Кедейлікті қатты сөгеді. Айтқандары қанатты сөзге айналған. "Егер 35 жасыңызда әлі де кедей болсаңыз - онда сіз бұған лайықсыз" дегендей. Джек Ма 30 жылда интернет өмірді түбегейлі өзгертеді. 30 жыл бұрын  "Эппл", "Гугл", "Фейсбук" туралы мүлдем түсінік болған жоқ, деді.  Оның кей пікірі фантастика іспетті. Заманынын оза туған  Ма: "Болашақта адам 200 жастан артық өмір сүрмеуі керек деген заң қабылдануы да мүмкін", - дейді. Бір сөзбен айтқанда, ғылым мен технологияның шексіз дамитытын меңзеді. 

Джек Ма, "ALIBABA GROUP" негізін қалаушы, миллиардер:

Менің ойымша, қолданыстағы технологиялардың мүмкіндігімен алдағы 30-40 жылда адам өзінің ағзасының кодын толықтай ашып, мәңгілік өмірдің дәрі-дәрмегін ойлап табады. Адамзат өмірі ұзарып, қатерлі ісік проблемаларын шеше алады. Осы ретте болашақта бірде-бір адам 200 жылдан артық өмір сүрмеуі тиіс деген заң шығуы мүмкін. 

Айта кетейік, 2008 жылдан бері форумға 20 Нобель лауреаты мен 30 шет елдік танымал саяси тұлғалар қатысты. Жыл сайын 90 елден 3 мыңнан 5 мыңға дейін делегат келеді. Кеше  Инвестициялар және Даму министрі  Әсет Исекешов Қазақстан инвесторларға "ең жайлы" жер деді. Астана экономикалық форумы жыл сайын, шет елдіктерге осыны дәлелдеуге тырысады. Өз үйіне келгендей күтіп, жылы-жұмсағын беріп, разы қылып жібереді.


Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ