$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Түркістан облысының орталығына мемлекеттік қызметкерлер бүгін салтанатты түрде шығарып салынды

AstanaTV
17.08.2018ж. 20:00
8241
Түркістан облысының орталығына мемлекеттік қызметкерлер бүгін салтанатты түрде шығарып салынды

Түркістан облысының мемлекеттік қызметкерлері жаңа облыс орталығы - Түркістанға көшті. Мыңға жуық қызметкер екі ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болған киелі шаһарда жұмыстарын жалғастырады.

Бүгін оларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Тарихи сәтте жолбасшы болған аймақ әкімі Жансейіт Түймебаев талай маңызды шешімдер қабылданған қалаға атбасын бұрып, қызмет етуге бара жатқан азаматтар мен жалынды жастар тарих алдындағы ұлы мұраттарының бірін орындап жатқанына тоқталды. Әкім Түркістан облысы мен Түркістан қаласының жаңа дәуірі басталды деді. Айта кетейік, Түркістан қаласында облыс әкімдігіне қарасты 24 басқарма мен облыстық мәслихат, қоғамдық кеңес пен департамент қызметкерлері отыратын кеңселер даяр тұр. Мыңға жуық жаңа тұрғынның жатын орын, тұрағының барлығы Үкімет  есебінен шешіледі. Бірнеше автобусқа мінген мемлекеттік қызметкерлерді қала халқы шығарып салды.

Ғалымжан Балтаев Түркістан облыстық экономика басқармасы басшысының орынбасары:

Биылғы жылғы үкімет резервінен бізге қосымша 1,6 млрд қаражат бөлінді. Ол қаражат зданиелерді арендаға алуға және  де қызметкерлерге үй-жайларына, баспаналарына қосымша қаражат бөлінді. Сонымен қатар Түркістан предкризисный районға жататын болғандықтан, 20 пайыз жалақыларына қосымша қаражат бөлінді. Сонымен қатар 7 күндік қосымша еңбек демалысына қаражат бөлінді.

Қазір Түркістанда құрылыс қарқын алған. Алдағы екі-үш жылда 160 мың тұрғыны бар Түркістанда халық саны 500 мыңға жетеді деп болжануда. Түркістанда салынатын ғимараттардың биіктігі 5-6 қабаттан жоғары болмайды. Қазір жобалау сметалық құжаттамаларды жасауға 400 млн теңге қаралған. Ал жалпы жаңа облыс орталығын салуға 100 млрд теңгеден көп қаражат кетеді деген болжам бар.

Құттыбек Жамашев, Түркістан облысы құрылыс басқармасының басшысы:

Қазірдің өзінде 17 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар тоғыз үйдің құрылысы басталуға дайын тұр, конкурс өтіп жатыр. Жалпы алғанда 26 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ол негізінен сол қызметкерлерге, қала тұрғындарына берілетін үйлер. Ал әкімдік ғимараттың жобасы басталуға дайын тұр. Ертең, жаңа айттым ғой, бас жоспардың концепциясы бекітілгеннен кейін әкімшілік ғимарат салынатын орын белгіленеді. Соған байланысты біз жоба жұмыстарын бастаймыз.