Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Шымкентте әлеуметттік жағдайы төмен аналардың жұмыс табуына көмек көрсетіледі

AstanaTV
09.08.2018ж. 20:00
4911
Шымкентте әлеуметттік жағдайы төмен аналардың жұмыс табуына көмек көрсетіледі

Шымкентте тіркелген жұмыссыздардың 10 мыңы - әйелдер. Осыны ескерген жергілікті билік тағдыр тауқыментін тартқан жалғысбасты және тұрақты жұмысы жоқ аналарға арнап шағын бизнесті дамыту бағдарламасын әзірлеуді қолға алды. Жұмыссыз жүрген әйелдерге шағын кәсіп ашу үшін қандай жағдай жасалмақ? Айзада Төребекқызы тарқатады.

Шымкенттік Айна Елтаева - жалғызбасты ана. Алты жасар қызы Інжу екеуі жатақхананың қуықтай бөлмесін паналап отыр. Үш жарым жыл бұрын асыраушысына айрылған. Биыл 10 жасар қызы да қайтыс болған. Айтуынша, тұңғышы бес жыл бойы төсек тартып жатқан. Ауру балаға қарау үшін жұмысын тастапты. Қазір отбасының кірісі 24 мың теңге жәрмдемақы ғана.

Айна Елтаева:

Жұмыс табу жағы маған сәл қиындау болып жатыр. Мен аспаздық курсын оқып бітірдім. Біраз жерге сұрастырып бардым. Бірақ мен таба алмадым жұмысты. Ендігі кезекте мен подготовительный оқысам ба деп жатырмын. Егер мүмкіндік болатын болса, ол жағы жақсы болатын еді. Шаштараз деген курстар да бар.

Карима Хайдарбекова да жалғысбасты ана, тігін тігіп қаражат тауып жүр. 36 жастағы келіншек тігін цехын салуға қажет құрылыс заттарын жинақтап жатыр. Кәсібін кеңейту үшін 1,5 млн теңгедей қаражат қажет деді.

Карима Хайдарбекова, тігінші:

Мен барлық жерге бардым. Банктерге де бардым, кредит сұрап. «Дамуға» да бардым, болмады. Ешқандай вариант жоқ. Менде залогқа қоятын ешнәрсе жоқ. Залогқа қоятыным болса, мен қойып, сөзсіз, тіршілігімді істей беретін едім, әттең болып тұр... Бес бала тамағы бар, екі мүгедек балам бар. Олардың дәрісі бар, несі бар... енді амалдап, әйтеуір өлместің күнін көріп жатырмыз ғой.

Шымкентте жұмыссыз жүрген 10 мың әйел бар. Бірінің кәсіби білімі жоқ болса, енді бірі қолынан келер істі дамытуға қолы қысқа. Осыны ескерген жергілікті билік бұдан былай олардың кәсіп ашуына жағдай жасамақ. 

Әйгерім Жұмағұлова, Шымкент қаласы әкімі аппаратының баспасөз хатшысы:

Қиыншылықтардың бәріне қарамай олар түңілмей, өмірде берілмей, әрі қарай алып кетем деген талпыныстары көздерінің оттары жанып тұрады. Және де оларды неге қолдамасқа? Міне, сондай әйелдерді әрі қарай қолдап, аяқтарынан тік тұрғызу үшін, кредит беріп, қаржы беріп, оны оқытып, әрі қарай отбасын аяқтарына тік тұрғызу мақсатында осылай жасалып отыр.

Тұрмыс тауқыметін тартқан жалғызбасты аналар мен тұрақты жұмысы жоқ әйелдерге жәрдем беруде кәсіпкерлер палатасы бірлесіп жұмыс істемек. Бұл бағытта бірнеше бағдарлама жасалған. 3 млн теңгеге дейін грант иемденуге де мүмкіндік бар.

Берік Кенжебаев, Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында берілетін гранттар соммасы ол 100 АЕК
, яғни 240 мың теңгеге дейін. Ол кішігірім әйелдерге арналған бизнес ашуға бағытталған. Мысалы, тігін цехын немесе шаштараз, кішігірім наубайхана, сондай кіші бизнес ашуға бағытталған.

Айзада Төребекқызы тілші:

"Алайда грант саны шектеулі", - дейді кәсіпкерлер палатасының өкілі. Шымкент қаласының өзіне биылғы жылға бар болғаны 10 грант сұралған. Палата өкілі сондай-ақ қазір микроқаржылық ұйымдар арқылы төмен пайызды несие берудің тағы бірнеше бағыттары пилотты жоба ретінде іске асырылып жатқанын алға тартты. Соның бірі - 5 пайыздан төмен несие рәсімдеуге мүмкіндік жасау. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ