$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Астана жаңа оқу жылына бірде бір оқулық алмаған

AstanaTV
10.08.2018ж. 20:00
2499
Астана жаңа оқу жылына бірде бір оқулық алмаған

Жаңа оқу жылы басталуына санаулы күн қалды. Астана қаласына әлі бірде-бір жаңа оқулық келмеген. Баспалар 12 млн оқулық әзірледік дейді. Алайда кей өңірлерде оларды жеткізу кешіктіріліп жатыр. Мұны Үкімет отырысында Білім министрі әкімдерге де ескерткен болатын. Олжас Нұржақып сабақтайды.

Өткен жылы бас қалада оқулық мәселесі үлкен дауға айналған еді. Тасымалдаушылар уақытында жеткізбей, балалар кітаптан тарыққан болатын. Биыл тағы сол проблема қайталануы мүмкін бе? «Оқулық» орталығының директоры әлі күнге дейін тасымалдаушылар анықталмағанын айтты. 

Бейбітгүл Кәрімова, «Оқулық» республикалық ҒТО директоры:

Бізде Астана қаласында және Батыс Қазақстанның бір ауданында қазір бір сұрақтар болды. Ол әлі тасымалдаушылары анықталмаған. Недобросовестный болып шығып, келісімшартты қайтадан жасап жатқан жағдайлары бар. Сондықтан басқа облыстардың барлығы келісімшартқа тұрған. Қалай келеді баспаға, баспа солай береді.

Бірақ қалалық білім басқармасының өкілі Астанаға жаңа оқулықтар алдағы дүйсенбіде келеді деп сендіріп отыр. Олардың саны да аз емес.

Жазира Асанова, Астана қаласы білім басқармасының баспасөз хатшысы:

Жеткізушілермен келісімшартқа қол қойылған. Алматы қаласынан дүйсенбіден бастап оқулықтар жеткізіледі. 2 млн-ға жуық оқулық сатып алынды. Оның 540 мыңынан астамы 3,6,8  сыныптарға жаңартылған білім беру мазмұнына байланысты оқулық. 2 млрд-қа жуық қаржы бөлінді. Оның 1 млрд-тан астамы 3,6,8  сыныптарға арналған оқулықтарға бөлінді.

Биыл 12 миллионнан аса оқулық әзірленген. Ол ел өңірлеріндегі миллионға жуық оқушыға тегін берілмек. Қазір толықтай сараптамадан өткен жаңа кітапты 15-ке жуық баспа түгел дерлік басып шығарып қойыпты. Енді баспамен келісімшартқа отырған жергілікті басқару орындарына тасымалдаушылар жеткізуі тиіс.

Бүгінде 3 қала мен 14 облыста тасымалдау ісі қолға алынған. Алматы облысы көш басында. Олар қажетті кітаптың 64 пайызын алып кеткен. Ал, Шымкент 58 пайыз оқулықты жеткізіпті. Көш соңында Павлодар облысы. Ондағылар оқулықтың тек 6 пайызын ғана жеткізген. Астана қаласына бірде-бір оқулық жөнелтілмепті.

Жаңа оқулықтар қалай болғанда да тамыздың 20-на дейін діттеген жерге жетуі тиіс. Бірақ оның уақытында жеткізілуі жергілікті атқамінерлердің мойнында, деді "Оқулық" орталығының директоры. Мамандар жаңа оқулықтарда қате болмайды деп сендірді. Сондай-ақ олардың электорнды нұсқасы әзірленгенін айтты. Демек, оқушы кітап көтермей QR коды арқылы смартфондардан да қажетін оқи алады.

Олжас Нұржақып