Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Теміртауда 2700 үй ауыз сусыз отыр

AstanaTV
14.08.2018ж. 20:00
2301
Теміртауда 2700 үй ауыз сусыз отыр

Қарағанды облысы Теміртау қаласында 3 мыңға жуық түтін ауыз сусыз отыр. Тұрғындар 20 жылдан бері билік табалдырығын тоздырғанмен, еш нәтиже жоқ. Әкімшіліктің қолынан бар келгені - жергілікті компанияны аптасына бір рет су таситын көлікпен тіршілік нәрін жеткізуге міндеттеген. Суды өлшеп ішетін тұрғындардың жайын тілшіміз Айжан Қуаш біліп қайтты.

Бағзат Оралбайқызы су әкелетін көлікті күтіп жүр. Ұлы мен келіні жұмыста болғандықтан, немерелерімен бірге су тасиды. Бірақ алғаны аптаға жетпей қалады.

Бағзат Оралбайқызы, Теміртау қаласының тұрғыны:

Канализация деген жоқ, үйге кіретін су жоқ. Аптасында бір рет су аламыз кейде жетеді, кейде жетпей қалады. Әуелі балаларға суды өлшеп беретін, өлшеп ішетін де күніміз болады.

Теміртаудың орталығындағы 2700 үй осылай әбігерге түсіп отыр.  Көбі су тасымақ түгілі, өздері әрең жүрген қариялар. Тұрғындар қала, облыс әкімдіктері, тіпті Ұлттық экономика министрлігіне дейін барған. Алайда нәтиже жоқ.

Жұмагүл Базылбаева, Теміртау қаласының тұрғыны:

Астанаға дейін барды. Қарағандыға дейін барды. Бәр жер тек қана қу шөппен аузымызды сүртіп жібереді. Болмаса халықаралық сотқа жазу керек. 30 озық елге кіреміз дейді, қаланың ішінде отырып су болмаса қайдағы 30 ел.

Айжан Қуаш, тілші:

Мұндағы бірден - бір тіршілік көзі - құдықтың суы. Алайда мамандар оны ішпек түгелі, бау-бақша суарға да тыйым салған. Өйткені судың құрамында зиянды заттар мен тұз өте көп екен.

Мұхамбет Дәріпбаев, Теміртау қаласының тұрғыны:

Мына салған  огородтарыңызға оған да жарамайды деді. Отырғызған 5-6 картошкаға да жарамайды деді. Міне, солай енді отырғызамын, бірақ ол бәрібір өспейді.

Ал су жеткізетін көлік бүгін келмей қалды. Жергілікті компания қарттарға оның сынып қалғанын айтқан. Шыдамы таусылған тұрғындар Теміртау қаласының әкіміне тағы барды.

Ғалым Әшімов, Теміртау қаласының әкімі:

Онда қаншама құбырларды айырбастау керек. Су сору станциясын салу керек. Әлеуметтік қаланы сумен қамту үшін су соратын станция да керек. 2 млрдтан астам ақша керек. Республикаға тапсырыс бердік. Бәрі біледі, күтіп отырмыз.

Былтыр да күткен. Бірақ ол кезде де қаржы бөлінбеген еді. Шенеуніктер 2019 жылға тағы да өтініш жолдадық деп ақталды. Алайда жергілікті билікке сенімі азайған жұрттың Үкіметке үміт артқаннан басқа амалы жоқ.

Айжан ҚУАШ