$510.08 €539.61 ₽5.15
×

Павлодарлық билік автопаркті бюджетке қайтару жұмыстарын бастап кетті

AstanaTV
22.04.2016ж. 20:00
1549
Павлодарлық билік автопаркті бюджетке қайтару жұмыстарын бастап кетті

Павлодардағы нөмірі бірінші автопарк жекешелендірілетін нысандар тізіміне қайта енуі мүмкін. Бұған дейін жекенің қолында болған мекемені қазір жергілікті билік меншігіне өткізу жұмыстарын бастады. Өйткені серіктестік әкімдікпен шартты бұзбақ. "100 қадам" аясында жүзеге асып, 30 автобуспен толығуы тиіс мекеме автобус паркінен неге бас тартты? Әсемгүл Мұхитқызы толықтырады. 

Павлодар қаласында жолаушылар тасымалдайтын 34 бағыт бар. Оның 12-сіне «№1 Автобус паркі» қызмет көрсетеді. Қазірде кәсіпорынның 65 автобусы күнделікті тұрғындарға қызмет етеді.

Көлік қозғалысы қалада жаман емес. Бірақ дачаға бару қиын. Бұрыңғыдай барлық автобус бармайды. Түгел бару керек.

Әр автобустың өзінің уақыты болады белгілі. Тосамыз 10 минуттай.

Қосымша бағыттар мен автобустар енгізілген жоқ. Мәселен, 2-Павлодар шағын ауданына бару өте қиын. Автобустарды ауыстырып баруға тура келеді.

«Автобус паркі» жарты жыл бұрын жекешелендірілді. Кәсіпорын 1 млрд 176 млн теңгеге саудаланды. Келісімшартқа сәйкес, серіктестік оның қызмет бағытын сақтап қалуға міндетті. Қоғамдық тасымалдағы 30 автобусты толықтырып, билеттендіру жүйесін автоматтандыруы тиіс болатын. Жаңа қожайындар қала бюджетіне алғашқы 200 млн теңгелік жарнаны да төлеп үлгерді.  Алайда, ұлттық валютаның құлдыруы жағдайды күрт өзгертті.

Надежда Егізбаева, Павлодар қаласы «№1 автопарк» ЖШС директоры:

Қаңтардың басында бізге банктен оң жауап келді. Әрине, біз шарттасуға келістік. Бірақ, кейін қаржы құрылымы талаптарды өзгертті. Өте ыңғайсыз талаптарды ұсынды. Жобаның 50 пайызын ғана қаржыландыруға келісімін берді. Сондықтан, осындай ауыр шешім қабылауға тура келді.

Кәсіпорынның жаңа қожайыны «Қазақстандық құрылыс тобы» ЖШС осы айдың басында қалалық қаржы бөліміне келісімшартты бұзу туралы хат жолдапты. Жергілікті билік бірден шара қолданып, автопаркті коммуналдық меншікке қайтару жұмыстарын бастады. Айтуларынша, бұл шаруа алдағы бір жарым айда аяқталады.

Асқар Ғазизов, Павлодар қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы:

Автопарк өкілдері де, жергілікті билік те жұмыс барысында қоғамдық көлік тасымалдаушыларына кесірін тигізбеуге тырысады. Автопарк коммуналдық меншікке қайтарылғаннан кейін жекешелендірілетін объектілердің тізіміне енгізіліп, қайтадан сауда-саттыққа қойылады.

«№1 автобус паркі» Павлодардағы көне тасымалдаушылардың бірі. 1957 жылы құрылған кәсіпорында бүгінде бес жүзге жуық адам жұмыс істейді.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Серіктестіктің қоғамдық көліктері кілең осындай үлкен автобустар. Өзі кең, ыңғайлы әрі қауіпсіз. Бастысы, белгіленген уақытынан ауытқымдайды. Сондықтан да, жолаушылардың басым бөлігінің таңдауы осы автобустарға түсетіні заңдылық. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ