Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Ақтауда «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер сатып алғысы келетіндер көп

AstanaTV
24.08.2018ж. 20:00
2838
Ақтауда «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер сатып алғысы келетіндер көп

Ақтауда «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер сатып алғысы келетіндер көп. Сондықтан әкімдік жер бөліп, құрылысқа қарқын беруі тиіс. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев айтты. Қазір партиялықтар жұмыс сапарымен осы аймақта жүр. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламасын іске асыру бойынша республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері аймақта атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Олар «7-20-25» аясында салынған нысандардың құрылысын бақылады.

Қаныбек Жұмашев,  «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Бастапқы жарнаға қатысты туындаған мәселелері бар. Бұл бағдарлама бастапқы тұрғын үйді қамтамасыз етеді. Яғни салынған үйлер жеткіліксіз. Бұл - аз. Әрине, бағдарлама көктемде ғана іске қосылды. Енді біз құрылыс санын көбейтуміз керек, ол үшін жер бөлуге тура келеді. Жергілікті атқарушы органдар осыны дереу қолға алған жөн.

Ал бір топ нұротандық бүгін Алматыдағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» республикалық орталығының жұмысымен танысты. «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракция жетекшісі Гүлмира Исимбаева бұл жобаның маңыздылығын атап өтті. Орталық 75 орынға есептелген. Дегенмен, күн сайын оған шамамен 120 адам келеді.

Мұнда қарттар домино мен шахмат ойнап, тоқымамен айналысады. Әр зейнеткер өзі ұнататын ісін таба алады. Сондай-ақ дәрігерлер мен психологтардан кеңес алады. Олар үшін бұл қызметтердің барлығы тегін. Жоба «Жол картасы» бағдарламасының шеңберінде жүзеге асқан. Орталықтың ашылуына Алматы қаласының бюджетінен 15 млн теңге бөлінген. Жұмысын бастаған екі айдың ішінде мыңға жуық қария келіпті. Соның бірі  - 64 жасар Нина Кондратенко. Ол небәрі бірнеше күн ішінде компьютерде жұмыс істеуді үйреніп, енді ескі арманы тоқыма әдісіне көңіл бөлген.

Нина Кондратенко, Алматы қаласының тұрғыны:

Әрине, біз секілді егде жастағы адамдарға мұндай орталықтың ашылғаны қуантады. Себебі үйде отырып, әр нәрсені ойлай шаршаған қарттарымыз, орталыққа келіп бір серпіліп қалады. Өмірге деген құлшынысы қайта оянып, бір-бірімен араласады, тіл табысады, бос уақытын зая кетірмейді. Тіпті көптеген істі үйренуге мүмкіндік бар.