Үкіметтің жұмыссыздарға ұсынатын елу мың теңгелік айлығы алматылықтарды қызықтырмайды. Қаладағы Еңбекпен қамту орталықтары беретін жалақы көлемі шамамен осы мөлшерде. Бұл нарықтағы айлықтан әлдеқайда төмен. Сондықтан алматылықтар мемлекеттік бағдарламаға қатысуға аса құштар емес. Бауыржан Байбек осылай деп ашығын айтты. Бүгін Үкіметте «Жол картасын» жүзеге асыру барысы талқыланды. Алып шаһарда "Нәтижелі жұмыспен қамту" бағдарламасы бойынша 20 мыңнан аса адам нәпақа тапқан. Тағы 22 мың тіркелмеген жұмыссыз тұрғынды бағдарламаға тарту қаралып жатыр.
Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:
Мысалы, қала бойынша орташа жалақы 205 мың теңге - ол республикадан 26%-ке жоғары. Ал бағдарлама шеңберінде ұсынылған жалақы орташа 50 мың теңге.
Ал солтүстікке жұмыс күшін тарту үшін іске асып жатқан бағдарлама бойынша, қоныс аударғандардың 60 пайызы жұмыспен қамтылған. Алайда, көшіп келгендердің кәсіби біліктілігі төмен дейді министр.
Көшке қосылғандарға мемлекеттен субсидия беріледі. Бөлінген қаржыны жұмсаған соң, өз жеріне қайтып кеткендер де бар. Бағдарлама басталғалы солтүстікке сіңісе алмай, 20 отбасы күнгейге қайта оралыпты.
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және
халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Неге бірден тұрақты жұмысқа орналаспайды? Мәселе олардың
білім деңгейімен байланысты болып отыр. Қоныс аударғандардың 50 пайызында
жоғары кәсіби білімі жоқ. Сондықтан біз алдымен оларды оқытуды қолға
аламыз.