$484.11 €528.79 ₽5.03
×

Құрылымдық өзгерістер уақыты... Астана экономикалық форумынан

AstanaTV
28.05.2016ж. 20:00
2373
Құрылымдық өзгерістер уақыты... Астана экономикалық форумынан

Дағдарыстарды еңсерудегі Қазақстанның жалғыз мүмкіндігі – құрылымдық өзгерістер. Басқа жол жоқ. Осы аптада өткен Астана экономикалық форумында Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтқаны. 

«...Біз расында қиын жағдайда қалдық. Себебі біздің кірісіміздің көзі – экономикамыздың кемелері әлемдік нарықтардағы баға мен сұранысқа тым тәуелді. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін экономиканы әртараптандыратын нақты шаралар жасалмады. Оған шикізат көздерінің жоғары бағасы да әсер етті», -  деді министр.

Бұдан шығатын қорытынды – экономиканы әртараптандыру туралы осыған дейінгі шаралар формальді болған. Мың сан мәлімдемелер мен есептер, мақалалар мен материалдар көбік ғана. Шикізат көздері қымбат кезде «болашақты ойлап жатырмыз, мұнай бағасына тәуелді болмаймыз, ол үшін мынша зауыт, мынша кәсіпорын ашып жатырмыз, миллиардтаған субсидия мен несие бөліп отырмыз» деген ақпарлар...

Бақыт Сұлтановтың айтуынша,  Премьер – министр Кәрім Мәсімов Халықаралық валюта қорының директоры Кристин Лагардпен кездескенінде ол сәтті  «nirvana time» деп сипаттапты. 

Википедияны парақтасақ, былай дейді: Буддизмде нирвана: сана элементтері тыныштықта тұратын сәт.  

Ресейдің «Сбербанкінің» жетекшісі Герман Греф ылғи прогрессивті ойымен бөлісетін және «аңдатпа» жасап жүретін банкир: осы көктемде ол Стэнфорд пен Кремний алабына барып қайтқан – бармай-ақ қоюым керек ,- деді. Милы бастардың қайда бара жатқанын көріп, аһ ұрғаны. Герман Греф Uber-де қытайлардың бәсекелестігіне орай мынадай ащы әзіл естіген - егер біз таңертең жаңа өнімге байланысты қызық идеямен оянсақ, талқылайық деп түскі асқа жиналғанымызда, қытайлар оны шығарып жатады,- деген. 

 Банкир көргендеріне қарап, өздерінің 7-10 жылға артта қалғанын жазды. Ол ең бастысы «ешбір ірі компания тірі қалмайды, егер өзінің басқару үлгісін трансформацияламаса», деді.

Ал Астана экономикалық форумында болған  ерекше  қонақ - Джек Ма. 23,7 млрд долларымен Азиядағы ең бай адам."Алибаба " интернет дүкенінің негізін қалаушы. Желі арқылы миллиардтаған тұтынушыға түрлі тауар жеткізіп береді. Оған қарасты "Алиэкспресті"қазақтар жақсы біледі. Джек Ма қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпірін аралап мотивациялық дәрістер оқиды. Кедейлікті қатты сөгеді. Айтқандары қанатты сөзге айналған. "Егер 35 жасыңызда әлі де кедей болсаңыз, онда сіз бұған лайықсыз" дегендей. Джек Ма -30 жылда интернет өмірді түбегейлі өзгертеді, - деді. Бір сөзбен айтқанда, ғылым мен технологияның шексіз дамитытын меңзеді.

Джек Ма, "ALIBABA GROUP" негізін қалаушы, миллиардер:

Үш технологиялық революция болды – бірінші: адамдар ауыр жұмыстарды машинаға артты. Екінші: қашықтықты бағындырдық. Тіпті Айға ұштық. Үшінші:қазіргі революция ақылды бостандыққа жібереді. Қазір біз ақпараттық технологиялардан мәліметтер технологияларына ауысып жатырмыз. Ақпараттық технологиялар  белгілі-бір билік береді. Ал мәліметтер технологиялары сізге басқаларға өктемдік жасайтын билік береді. 

Жақын болашақта маңыздысы адамдарды біліммен сусындату ғана емес, олардың танымын қалыптастыру болмақ,- деп болжайды, Джек Ма. 

Енді мына пікірді тыңдайық: «... экономика тежеле бастады, біз алаңдап қалдық – еліміз популизмнің өсумен бетпе-бет келе ме деп». Мұны премьер-министр сол Астана форумында айтқан. Ол азаматтардың мемлекеттік аппарат пен сот жүйесіне сенімін орнату керек,- дейді.

Олжас Құдайбергенов, экономист:

Былай қарасақ, қазақстандықтар өздері кейбір сот шешімдеріне сенбеуі мүмкін. Ал біз өзіміз сенбесек, инвесторлар сенімі қайдан келеді. Сот жүйесі өзгерсе, біз де сенеміз, инвесторлар да сенеді. Сондай жағдайда инвесторлар келеді.

Құрылымдық өзгерістердіэкономикада жасау үшін алдымен ми өзгерісі керек. Джек Маның да, Герман Грефтің де айтқандарынан шығатын қорытынды – сол, қарапайым қағидалар: қатал әлем, ешкім ешкімді күтіп отырмайды. Бай тарихыңа да, бай мәдениетіңе де, кең-байтақ жеріңе де ешкім пысқырып қарамайды. -Егер сенің өткенің масаттануға тұрарлық болса, онда қазір неге ауқатты тұрмайсың – Джек Ма-ша айтқанда.

Олжас Құдайбергенов, экономист:

Дамып жатқан мемлекет болғанымызбен, кішкентайлығымыз бізге предпосылка ретінде болу керек. Үлкен мемлекеттер жәй өзгереді. Ал Қазақстан қысқа мерзімде тез өзгеруі мүмкін. Сол біздің жақсы жағымыз.