Бүгін Жер реформасына байланысты құрылған Комиссияның үшінші отырысы өтті. Мөлдір Бақытқызының материалы.
Апта бойы жеке-жеке жұмыс істеген Жер комиссиясы жанындағы Жұмыс топтары нақты ұсыныстармен шықты. Дау туғызған кодексте жерді Қазақстан азаматтарына жалға беруге тыйым салынады, тек сатып алып қана жұмыс істейді,- деп жазылған. Экономикалық бағыттағы жұмыс тобы «алқаптарды сатып алатын ақшасы жоқтар, шет қалады» деп, ел тұрғындарына жерді жалға беруді қайта енгізуді сұрады. Елдегі ауыл шаруашылығына жарамды жердің 99 пайызы ұзақ мерзімді жалға берілген. Ал, жердің жай-күйін бақылайтын инспекторлар саны аз. Мысалы, Ақмола облысындағы 5,5 млн гектар егістікті небәрі 12 инспектор бақылайды.
Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлы университетінің ректоры, Комиссия мүшесі:
Олардың барлығы Көкшетауда отырады. Екі-ақ көлігі бар. 12 адам 10 млн жерді қалай айналып, қалай тексереді. Осындай мүмкіншілікпен біз бақылаудың тиімділігі туралы қалай сөз қозғаймызі жерді пайдалану саласында көптеген заң бұзушылықтар бар. Азамтар үнемі шағымданады. Субаренда көбейіп кетті. Оны тескеретін адамдар жоқ. Өйткені жер инспекциясы осындай жағдайда.
Комиссия мүшелері елімізге Қытайдан делегаттар келгенін айтып, олардың аграрлы аймақ басшыларымен кездескенінен қауіптенеді. «Күлтөбенің басында күнде кеңес» құрып жатқанда, жер сатылып кеткен жоқ па,- деп алаңдайтындар бар.
Мұхтар Тайжан, Комиссия жанынан құрылған Құқықтық жұмыс тобының жетекшісі:
БАҚ Ақмола облысы және Алматы облысында Кулагин және Баталов әкімдер қытайлармен бір келісім-шартқа қол қойды деп жатыр. Ол қандай келісім-шарт, не жайлы? Жер жалға беріліп жатыр ма?
Қытайдан бір топ делегация келгені рас. Өнім сапасын бақылайтын мамандар көрінеді. Алып көрші Қазақстаннан экспорталатын азық-түлік түрлерін арттыруды қалайды. Қытай өз аумағына ас-ауқатты тексермей кіргізбейді. Өнімнің стандартқа сай болуы шарт. Көршінің сапаны бақылау, инспекция және карантин Басқармасымен келісім жасалған. Мұны Асқар Мырзахметов түсіндірді.
Асқар Мырзахметов, ҚР Ауыл шаруашылығының министрі, Комиссия мүшесі:
Олардың сәйкестігі қаншалықты оны Қытайдың нарығына енгізуге болатыны жөнінен. Ет өнімдерін сатуды көздеп отырмыз. Тек бидай емес, Қазақстанның мүдделерін шешу үшін осындай шараларға қол қойдық. Ол жерде жерге байланысты жерді өңдеуге қатысты ешқандай мәлімет жоқ.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Комиссия төрағасы:
Қытай тарабы өзіне кіргізетін ауыл шаруашығы өнімін стандарттап тастаған. Сырттан әкелгізбейді. Етті былтыр 6 мың тоннадай ғана шығардық. Оны Ресейге апардық. Басқа апаратын жер жоқ. Бізді күтіп отырған жер жоқ. Шекаралық жердегі Қытай жылына 400 мың тонна ет берсеңдер сатып аламыз,- дейді.
Жерді сататын немесе жалға беретін мемлекеттік органдар жұмысының мөлдірлігін бақылайтын жұмыс тобы қолданыстағы жерлер кімдердің иелігінде деп, оларда қанша жер барын жариялауды сұрады.
Дос Көшім, саясаттанушы, Комиссия мүшесі:
Халықтың арасында осы күнге дейін Қазақстанның жерін бәрін сатып алған бес адам бар, он адам бар, көптеген адам бар деген сөз бар. Біреулердің аты аталады, біреулердің фамилясын атайды. Менің ойымша, осы мәліметтер ашық жариялану керек. Кімдер қанша жер сатып алды? Ол кім Костенко ма Мылтықбай ма? Егер ол мемлекеттік құпия болмаса біз білуіміз керек. Олар қалай сатып алғаны, заңды ма, заңсыз ба оның бәрі бізге қажетті мәселе деп ойлаймыз.
Асқар Мырзахметов, ҚР Ауыл шаруашылығының министрі, Комиссия мүшесі:
Қай өңірде жердің мөлшеріне ірі жер пайдаланушыға байнысты нақты тізімі анықтау бойынша жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Алдағы отырыста қосымша мәлімет ретінде хабарлаймыз.
Комиссия мүшелеріне жер тағдырына алаңдаған шалғайдағы ауыл адамдарынан хаттар толассыз түсіп жатыр екен. Елге барып қайтқандар жерлестерінің тілегін жеткізді.
Жүрсін Ерман, Ақын, журналист, Комиссия мүшесі:
Ұлытау - Жезқазған өңірінен келдік. Қариялар, қарттар хат жазып берді. Біздің пікірімізді жеткіз: Жер сатылмасын дейді.
Көп ұзамай ауыл адамдарының ой-пікірін бәріне тыңдауға тура келеді. Келесі аптадан комиссия мүшелері аймақтарды аралап, көшпелі жиындар өткізеді.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Комиссия төрағасы:
Тек қана облыс орталығымен шектелмейміз. Ақмола облысына баратын болсақ, толығырақ қамту үшін екі- үшеуден бөлініп, пікірлерін тыңдап қайтамыз.
Алдағы дүйсенбіде аймақтарға шығудың кестесі бекітіледі. Алдымен Ақмола облысына бару жоспарланған. Еліміздің барлық өңірін аралап, халықтың пікірін тыңдаймыз,- деп отыр. Содан соң комиссия мүшелері Астанада қайта бас қосып, нақты ұсыныстар әзірлейді. Илеп - екшелген құжат желтоқсанда Президентке таныстырылады.
Мөлдір Бақытқызы, «Біздің уақыт».