Мектептердегі асхана. Бұл тақырып та біздің объективте. Қол жуатын жерде сабын бар ма? Таза ауыз су бар ма? Тақырыпты осы сауалдардан бастаған ләзім. Оқушы кезімізде мектептің жанында тұратын адамдардан су сұрап, үй жағалап кететінімізді айтқан едім. Қазір ондай көрініс жоқ дей аламыз ма? Екіншіден, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына бөлінетін қаржы көлемі. Мысалы, Павлодарда бір балаға 200 теңгеден сәл асады. Оған не келеді? Мектеп асханасын қамтамасыз ететін кәсіпкер пайда көрмесе, қандай әрекетке көшеді? Осыдан шығатын үшінші мәселе – мектеп асханаларында бала ағзасына зиян, берері жоқ тағамдардың бәрібір сатылуы. Айзада Төребекқызының сараптамасы.
Айнұр Шырынбекова, Шымкент қаласының тұрғыны, ата-ана:
Менің
балаларым, мысалға, мектепке барған кезде ыстық тамақ ішпейді. - Неге
ішпейсіңдер?- деп сұрасам, - Дәмсіз, құнары жоқ, - деп айтады. Пирожки жеп
келеді, самса жеп келеді. Ал, бірақ оның бәрі балалардың асқазанын ауыртады.
Ал сіздің балаңыз не жеп жүр?! Мектепке баратын
баласы бар ата-ананың қай-қайсысын да бүгінде мазалайтын сауал осы. «Баламның
қарыны ашпасын, қатарынан қалмасын»- деп таңертеңгісін қалтасына теңгесін салып
жібереді. Бірақ сол ақшаға не келеді, не алады, ыстық тамақ ішеді ме?! Жалпы
оқушының тойып ас ішуі үшін қанша қаражат қажет? Шымкенттік ата-аналардың
жауабына қарасақ, оқушылардың дені ыстық тамақтан гөрі жеңіл-желпі жүрек
жалғаумен шектелетін секілді.
Тәжібай Дәрменшиев, Шымкент қаласының тұрғыны, ата-ана:
Күнделікті
балама сол 300-500 теңге тапқанымызды беріп жібереміз. Екі бала оқиды мектепте.
Енді олар мектептің қасында магазин бар, азық-түлік магазині, сол жерден алып
жейді бірдеңелерді. Пирожки жей ма, не жейді білмедім...
Айжан Ермекқызы, Шымкент қаласының тұрғыны, ата-ана:
Мектеп
жасындағы үш балам бар. Күнделікті мектепке тамаққа оларға 200 теңгеден беріп
жібереміз. Алайда балаларымнан не жедіңдер деп сұрасам, олар тамақ жедік деп
айтпайды. Көбіне тоқбасарларды айтады, соған қарағанда мектептің тамағы дәмсіз
бе, әлде қымбат па білмеймін. Дегенмен де, осы ата-ана ретінде айтар ойым осы
мұғалімдер, мектеп басшылығы мектепте арзан дүние, тоқбасар, сосиска оратылған
сатқызбай, керісінше барлық оқушының ыстық тамақ ішкенін қадағаласа деймін.
Мектеп асханалары бүгінде жалға беріледі. Сол
себепті әр мектеп тамақты әрқалай әзірлейді. Сондықтан оқушының ішіп-жемі, оның
сапасына кепіл жоқ. Тіпті балаларға күмәнді, тексеруден өтпеген сүттен ботқа
әзірлеп келгендер бар. Мұны өткен оқу жылында мектептерді арнайы тексерген
комиссия анықтаған-ды.
Бахадыр Нарымбетов,
«Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
Мысалы, 2 мыңға жуық
бала оқитын мектепте асханаға кіре берісінде тек қана бір жерде қол жуатын кран ғана орнатылған
болған, мысалы, бір кранға тізіліп тұрады. Қуырылған тамақтардың саны көп.
Пирожкиінен бастап тамақтарының өзінде де майы көп деген кемшіліктер көп
болған.
Сонымен
Шымкентте асхана жұмысы қатаң қадағаланбақ. Әйтеуір,
жауаптылар солай деп отыр. Мектеп баласының ас-ауқаты құнарлы болуы үшін арнайы
комбинат құру мәселесі көтерілді. Оның құрамында тәжірибелі аспаздардан бөлек
санитар маманы, технологы мен диетологы, тіпті өз зертханасы да болады.
Бахадыр Нарымбетов,
«Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
Бір мектепте 2-3 мың
бала оқып жатыр. Үш мың баланың денсаулығы артық па, екі үш адам қызмет жасайтын
ИП -ның табысы артық па?! Сондықтан да, біз ең маңыздысы баланың денсаулығы
жағынан қарау керекпіз.
Дегенмен, бұл бастаманы басы артық санайтындар
жоқ емес.
Шымкенттегі 4 мыңнан астам бала оқитын
мектептің асханасын он жылдан астам уақыттан бері жалдап жүрген іскер әйел
комбинатсыз-ақ сапалы тамақ әзірлеп жүргеніне сенімді. Мұнда бюджет есебінен
тамақтанатын балалардың мәзірі күніне 359 теңге екен. Ал өзге балалар тәбеті
тартқан асын таңдап отырып ішетінін айтады. Бірінші, екінші тағам, салаты,
шәй-нанымен қосқанда 300-400 теңгеге тамақтанатынын айтады.
Эльвира Хайруллина, жеке кәсіпкер:
Менің
ойымша, комбинат құру біздің қала үшін аса қажет емес. Өйткені, өзіміздің де
ассортиментіміз жақсы. Технологтармен кеңесіп, санитар дәрігер, диетологтарымызбен
ақылдасып мәзірді жаңалап отырамыз. Балалар
тәбеті тартқан тағамын таңдап, қалтасына қарай алып жейді. Ал комбинат
құрсақ тағам түрі шектеліп қалады. Біздің тамақтарымыздың бәрі буға пісіп, суға
қайнатылған.
Шымкентте 133 мектеп бар. Жақын күндері барлығына
мониторинг жасалмақ. Әлбетте, баланың саулығы ас мәзірімен ғана шектелмейді,
яғни, ауру астан ғана келмейтіні белгілі.
Айзада Төребекқызы, тілші:
Тазалық
– денсаулық кепілі. Асханаға кіре берісте мынадай бес бірдей қол жуатын орын
қойылған. Мұнда сабын да бар. Бір байқағанымыз балалар ауыз суды да осы жерден
ішеді. Ол үшін бір реттік стақандарды мынадай шыны ыдыстар алмастырыпты.
Павлодардық Кирилл Тронь бесінші сыныпта оқиды.
Ол күнделікті мектеп асханасынан тамақтанады. Сүйсініп жейтін асы - борщ, картоп пен котлет.
Кирилл Тронь, №16 мектептің оқушысы:
Кейде
ұнамайтын тағамдар болады. Мысалы, самса. Оған ет қосылып пісіріледі. Ал етте
май бар. Мен майды ұнатпаймын. Жақсы көретін тағамым – ұнға оралған шұжық.
Сондай-ақ, бабымен пісірілген борщты жақсы көремін.
Мектеп асханаларын жалға алған кәсіпкерлерді
жаппай кінәлауға да болмайды. Кереку мектептерінде нан-тоқаш өнімдерін түрлі
дәрумендермен байытылған ұннан пісіре бастапты. Асхана жалдаушылар балалардың
тамақ рационын түрлендіруге де тырысып-ақ бағады. Бірақ бөлінетін қаржы аз. Тегін
тамақтандыруға қарастырылған ақша түкке жетпейді дейді. Павлодарда бір реттік
түскі астың құны - 248 теңге. Осыған сорпа да, екінші тамақ түрлері де, салат,
нан, компот немесе шай, кейде сүзбе мен бал да кіреді. Бұған 248 теңгенің
жетпейтіні белгілі. Бірақ кәсіпкердің амалы бар ма? Осы салада 20 жылдан бері
жүрген Риза Әбденбаева оқушылардың аз мәзірі құнарлы әрі сапалы болуы үшін
түрлі айла-тәсілге баруға мәжбүр екенін жасырмады.
Риза Әбденбаева, жеке кәсіпкер:
Арзан,
өзіміздің өндірушілеріміздің тауарларын аламыз. Апельсин, мандариндердің орнына
алма береміз. Өз өндірушілеріміздің көкөнісін аламыз, арзандау ғой. Бір балаға
тойып тамақтану үшін шамамен 400 теңгедей керек.
Білім бөлімінің ақпарынша, қала мектептерінде
былтыр 4 жарым мың оқушы тегін тамақтанған. Биыл оқушыларды ыстық тағаммен
қамтуға бюджеттен 184 млн теңге бөлініпті. Қаржы көлемін ұлғайту мәселесі
әзірге қарастырылмаған.
Ал Оралда жағдай тіпті мүшкіл. Соңғы он жылда
бастауыш сыныптар мен тұрмысы төмен отбасы балаларына тегін тамақ беруге деп
бөлінетін демеу қаржының көлемі өзгермеген. Әр шәкіртке берілер тағам құны
100-150 теңге аралығында. Арнайы бекітілген ас мәзіріне ботқа, сорпа, 75
грамм салат пен шәй кіреді. Кәсіпкерлердің есебінше түскі астың құны 275-300
теңгеден кем болмауы керек. Сондықтан, көпшілігі ыстық тамаққа кеткен шығынның
орнын қосымша буфет саудасынан түскен табысымен жауып отыр.
Сергей Петухов, БҚО бойынша қоғамдық тамақтану кәсіпорындары қауымдастығы
жетекшісінің орынбасары:
Біздің
қауымдастық мамандарының есебінше, түскі астың құны шамамен 275 теңге болуы
керек. Мемлекеттік сатып алулармен бекітілген келісім-шартқа сай, кәсіпкер
қаржының тапшылығына қарамастан, көрсетілер қызмет сапасын төмендетпеуге
міндеттенеді. Яғни, тамақтың порциясын кішірейтпеуі, астың түрін өзгертпеуі
тиіс. Мұны орындау үшін кәсіпкер буфет саудасынан түскен өз қаржысын да жұмсап
жібереді. Орал қаласының әкімдігіне келер жылдан бастап, қаржыны өсіруді сұрап
хат жолдадық. Егер мақұлдаса, тағам сапасының
қазіргіден жақсарары анық.
Жанна Сахыпкереева, Орал қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:
Кәсіпкерлерден
тамақтың құнарлы болуын талап етеміз. Берілуі міндетті ботқа мен салат, ыстық
сорпаға 100 теңгені жеткізуі керек. Әрине, бұл ақша өте аз. Соған қарамастан,
сапа нормасын сақтауға бәрі міндетті. Дегенмен, кәсіпкерлердің бұл талап
үдесінен қалай шығып жатқаны бізге белгісіз. Ақыны өсіруді былтыр сұраған. Ол
кезде бюджет бекітіліп қойған еді. Биылғы өтініштерін енді ескереміз, тек келер
жылдан бастап. Бәрі де бюджеттен қаралар қаржыға байланысты.
- Бүгін
не тамақ?
- Лағман,
окорочка, крылышка, гуляш...сондай тамақтар...
Ал бұл Алматы мектебі. Жаңа оқу жылынан мұндағы мектептерде үлкен өзгеріс.
Барлығы бірдей кеңес өкіметі кезіндегі тамақтану стандартына көшті. Енді
аспаздар бұрынғыдай мәзірді өз бетінше өзгерте алмайды, яғни, барлық мектеп
үшін тағам мен міндетті түрде тұтынылуы тиіс өнімдер тізімі жасалды. Бірыңғай
мәзір жас ерекшелікке сай үшке жіктелген. Әрі әр санатқа сай оның құнары да
өзгеріп отырады. Аптасына екі рет сүт пен бал ұсынылады және көкөніс салаты,
ірімшік пен сорпа енді жиі берілуі керек. Екінші тағамға міндетті түрде ет. Ал
бейсенбі - балық күні деп бекітілген.
Лариса Жетпісбаева, Ш.Уалиханов атындағы №12 мектеп-гимназиясы директорының
орынбасары:
Әр күні
әр түрлі тамақ мәзірде. Мұнда біздің асханада балалар тауық сорпасы, сиыр
етімен бәрі бізде буға пісіріледі тамақтар. Содан кейін тәтті тамақтар
қысқартылды. Қант қысқартылды. Оның орнына балаларға бал береді, лимонмен шәй
беріледі.
Соңғы уақытта балалар арасында семіздік белең алып, басқа да балаға тән
емес аурулар көбейгесін мектеп асханаларына байланысты қоғамдық талап күшейе
бастады. Бірақ тегін тамақтануы керек балаларға бөлінетін қаржының
мардымсыздығы, екінші жағынан тендер ұтып алып, кәсіп жүргізетіндердің бәрінің
бейкүнә еместігі, ауылдарды тіпті айтпадық
- проблеманың жақында
шешілетініне күмән бар. Тек қалтасына ақша салып, "балам аш емес" деп
бейқам отыруға болмайтынын ғана шегелейміз.
Айзада Төребекқызы,
Серік Талас, Әсемгүл Мұхитқызы, Еркін Карин«Біздің уақыт»