Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Шекарадағы ауылдарда туған сәбиге 1 млн теңге беру ұсынылды

AstanaTV
11.09.2018ж. 20:00
3220
Шекарадағы ауылдарда туған сәбиге 1 млн теңге беру ұсынылды

Ал сенаторлар өңірлерді аралап жүр. Қазақ-Қытай шекарасындағы заставалардың жағдайы мүшкіл. Бір ғасыр бұрын салынған күзет бекеттерінде электр тоғы да жоқ. Шекара шебін аралаған сенаторлар осыны өз көздерімен көрді. Тіпті Дариға Назарбева Үкіметтен ақша сұрауға уәде берді. Тағы бір проблема - сол маңдағы ауыл тұрғындарының үдере көшуі. Ал аймақ басшысы Даниал Ахметов шекарадағы ауылдарда туған сәбиге 1 млн теңгеге дейін беруді ұсынады.

Қытаймен шекаралас аймақтағы Майқапшағай сарбаздары білекті. Бірақ әскерилердің әлеуметтік жағдайы адам шошырлық. Бұған сенаторлар да көз жеткізді. Көрші Қытайдың заманауи заставасының қасында біздің сақшылардың 2 қабатты ескі бекеті жаманның лашығындай көрінді. Шекара қызметінің басшысының айтуынша, өткен ғасырдың 20-шы, 70-ші жылдары салынған мұндай заставалар саны 40-қа жетіп жығылады. Тіпті кейбірінде өздері пайдаланатын өндірістік қуат көзі де жоқ. Жетімнің күйін кешкен шекарашылар сенаторлардан көмек сұрады. 

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті  Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы:

Біз өз тарапымыздан,  яғни  Парламент депутаттары ретінде, шекара қызметіне қосымша қаржы бөлу бойынша көмек беруге тырысамыз. Тіпті мұнда белгілі бір шекара учаскелерінің техникасы жоқ, жеке құрамдары жеткілікті жабдықталмаған. Осыған байланысты Үкіметтің қарайласып, назар аударуын қарастырамыз.

Шекара қызметінің дерегінше, жаңа застава салуға 1 млрд 94 млн теңге кетпек. Күрделі заставаларды жөндеуге арналған жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттары да бар. Алайда, Қаржы министрлігінен жауап жоқ. Аталған ведомство басшысы Бақыт Сұлтанов болса бүгін Астананың әкімі болып кетті. Ал мәселені тез шешу үшін шығыстағы шекара қызметіне Қаржы министрлігін шақыруға тура кеп тұр. 

Дархан Ділманов, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары , ҚР Шекара қызметінің директоры:

Жоғары жақтағылар мұндағы жеке құрамның қандай жағдайда өмір сүріп, қаншалықты талапқа сай келмейтінін көзімен көруі керек. Сонда барып қана осы сұрақтардың бекер туындамағын, кейінге қалдырмау керегін түсінер еді. Ал, егер бүгін біз қажет деп отырған құрылысқа қолымызды бір сілтесек, ертең бұл екі есе шығындарымен қайта алдымыздан шығады.

Мұндағы тағы бір түйткілді мәселе - тұрғындардың шекаралық ауылдардан қоныс аударуы. Шекарашылар ауыл адамдары шекараны қорғауда біздің нағыз көмекшілеріміз еді дейді. Аймақта қазір шекаралық ауылдарды дамытудың мақсатты бағдарламасы дайындалған. Ол жоба 4 ай бұрын тиісті орынға жіберілген. Бірақ жауап жоқ, - дейді  Даниал Ахметов.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бүгінгі таңда шекаралық аймақта жұмыс істеп жатқан  тұрғындар жалақысына 25-75 пайыз көлемінде ақы қосуға, әрі мұнда келіп жатқан жас мамандарға  2 есе етіп жәрдемақы беруге және жаңа туған сәбидің отбасына 1 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіп, ай сайын 50 мың теңге жәрдемақы беруді ұсынамын.

Шекаралас аумақтарға тұрғындарды тартуға "Қоныс аудару" бағдарламасы сеп болмақ. Бірақ шекаралас елді мекендер нақты қанша қоныстанушыны қабылдай алатыны әзірге белгісіз. Белгілісі, бағдарлама жергілікті бюджеттен қаржыландырылмақ. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ