Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Күрсіндірген күре жолдар. Автотрассалар уақытылы салынып, уақытылы жөнделмейді

AstanaTV
15.09.2018ж. 20:00
2194
Күрсіндірген күре жолдар. Автотрассалар уақытылы салынып, уақытылы жөнделмейді

Осы аптадағы Парламент Мәжілісіндегі үкімет сағатында күре жолдар проблемасы талқыланған. Құрылысы ондаған жылдарға созылып, «нұрланбай» тұрған жолдар бар. Бірақ жобаға бөлінген ақшадан бір тиын да қалмаған. Мысалдар: Алматы-Қапшағай арасындағы жолдың құрылысы 3 жыл бұрын аяқталуы тиіс-етін. Астана -Павлодар тас жолының салынып жатқанына да 5 жыл. Теміртау-Қарағанды арасындағы су жаңа жол қирап, елдің тілін қышытып отыр. Балқаштан Алматыға жеткенше бейнет екені ол бір әңгіме. Құрылыстың бітпей қоятыны, жолдардың тез тозатыны жол төсеуге байланысты «жеу» туралы әңгімені ғана тұтатпайды. Даму жайлы арманды орындалмайтын қиял қылады. Себебі экономикалық өсім күре жолдарға да байланысты. БҰҰ Женевадағы бас кеңсесінің алдынан бір аяғы жоқ орындық - монумент көргем. Мина мен бомбадан  қиянат көрген адамдарға арналған. Сондай орындық басқа да көріністерді дәл бейнелейтіндей. Диана Сапарқызының материалы.

Елде 10 жылда құрылысы аяқталмаған автомобиль жолдары бар. Бірақ  жобаға бөлінген ақшадан бір тиын да қалмаған. Мысалы бір жыл бұрын 11 млрд теңге құйылған  "Қарағанды - Теміртау" автобанында жарық пайда болды.

Руслан Лазута - автоәуесқой, қоғам белсендісі:

Жол мәселесі бітпейтін жыр. Жаңа ғана жолды салып тапсырса, ертеңгі күні жарықтар пайда болады. Алысқа бармай-ақ қояйық, Астана Қарағанды, Қарағанды-Теміртау жолдары соның дәлелі. Бұл дегеніміз шынайы маманның жоқтығы. Жол салу технологияларын білмейді.

Ал Солтүстік Қазақстан облысында екі-ақ жыл бұрын салынған тас жолмен бірге оған жұмсалған  250 миллионның да бейнелеп айтқанда, "тас талқаны шыққан".

Қайыржан Cейітқұлов - "Өрнек" ауылының тұрғыны:

Сол карьердің пайдасынан зияны көп бізге. 40 тонналық үлкен "Камаздар" жүріп, бүкіл жолымызды бүлдірді. Машинамның сайманына бүкіл пенсиям кетеді.

Алматы-Қапшағай арасындағы тас жолда осыдан екі жыл бұрын аяқталуы тиіс-тін. Содан бері үш жыл өтсе де мердігерлер күнде ертеңмен жүр. Ұзындығы 441 шақырымға жуық Астана -Павлодар тас жолы да салынып бітер емес.

Нұртай Сабильянов - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Астана -Павлодар тас жолын пайдаға беру мерзімі бірнеше мәрте бұзылғандықтан, 200 шақырымда ғана жол қозғалысы ашық. Жалпы алғанда бұл жол 5 жылдан астам уақыт салынып жатыр.

Омархан Өксікбаев - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Сол кездегі министр Нұғыманов айтты: "Ойбай, бізде әлі 30 мың көлік жүретін машина жоқ, 15 жылдан соң қайта саламыз"-деп, үш жыл өтпей жатып сол жолды бұзып қайта салдық. Қанша қаржы шашылды? Ешкім жауап берген жоқ, біреуінің басынан бір тал шаш түскен жоқ. Енді соған тағы да ұрынбасақ екен деймін.

Нұртай Сабильянов - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жол құрылыс жұмыстарының сапасының бес қадамдық бақылау жүйесінің нәтижесі қайда? Мердігерлердің пайда болған ақауларды жоюға берілген кепілдіктері қайда? Жол лаборатория қызметінің нәтижесі қайда?

Иә, шынымен де қайда? Сабильяновтың дәл осы сұрақтарына біз де жауап іздедік. Алдымен республикалық маңызы бар жолдардың  асфальт құрамына үңілдік. Автомобиль жолдары ғылыми-зерттеу институтының мамандары асфальт құрамына орай белгілі бір стандарт жоқ, деді. Қоспаның әр өңірдің климатына байланысты болатынын айтып отыр. Негізінен 95 проценті отандық шикізат екен.

Ғалия Измаилова - "ҚазжолҒЗИ" АҚ Жол құрылымдары мен материалдары департаментінің директоры:

Асфалт құрамына орай белгілі бір стандарт жоқ. Әр өңірдің ауа райына байланысты қоспалар қолданылады. Құрамның ішінде негізгісі- топырақ, құм, тас материалдар, минералды ұнтақ, цемент және битум. Аталғандардың барлығы жергілікті материалдар. Ал олардың аязды немесе ылғалды күндерде опырылып кетпеуін қамтамасыз ететін арнайы қоспаларды шетелден аламыз.

Дегенмен бізде жаңадан төселген асфальттің жарылып, опырылып кететіні үйреншікті жағдай. Себебі неде?

Ғалия Измаилова - "ҚазжолҒЗИ" АҚ  Жол құрылымдары мен материалдары департаментінің директоры:

Оның себебі мердігер компаниялар көбіне технологиялық заңдылықтарды сақтамайды. Асфальтті жауынды күндері төсеп жатады. Осының кесірінен жолдар көп уақыт өтпей-ақ жарылып кетеді. Қалай болса да, қайта жөндеуді тапсырысты орындаған компания өз мойнына алады. Жалпы, жолға кепілдік 5 жылға беріледі.

Ал жолдардың жағдайын тексеретін лабораториялық мекемелердің мемлекетке қарайтыны 16. Жол ғылыми-зерттеу институты 2015 жылдан бастап 7 мың  шақырымға жуық  автокөлік жолдарын тексерген. Алайда нәтижесін айтпады.

Азамат Жайсанбаев - "ҚазжолҒЗИ" АҚ вице-президенті:

Біз тапсырыс берушінің сұрауымен жөндеуді қажет ететін жолға сараптама жасаймыз. Яғни, оған қаншалықты жөндеу қажет, қанша көлемде  материалдар қажет екенін айқындап береміз. Содан кейін өзіне сараптама нәтижесін береміз. Сондай-ақ,әр жолдың  құжаты болады. Яғни, бұл дегеніміз, жолды қайта жөндеуден өткізерде белгілі бір мердігер компания оған нақты қандай жұмыстар жасау қажеттігін электронды түрде біле алады.

Диана Сапарқызы - тілші:

Мынадай жолдарды салатын Казавтожол компаниясы. Олардың ақпарынша, «Нұрлы жол» бағдарламасына 2015-2017 жылдар аралығында 550 млрд теңгеден  астам қаражат бөлінген. Толық игерілген. Жол құрылысына биыл 125 млрдтан астам қаржы бөлінді. Компания басшыларының мәліметінше, оның 60 пайызын орындап қойған.

Нұрмұхамед Сапарымбет - «Қазавтожол»  сапаны бақылау басқармасының басшысы:

Биыл жүргізіліп жатқан 23 жоба бар. Ол Қазақстан Республикасы бойынша. Ол мынау Орталық-шығыс дәлізі. Одан кейін Астана қаласының айналма жолдары. Шучинск мен Зерендінің арасындағы жол. Қостанай-Денисовка. Бейнеу-Ақтау. Бейнеу- Ақжігіт. Қордай кентін айналып өту. Талдықорған-Өскемен. Қапшағай. Содан кейін Үшарал - Достық.

Диана Сапарқызы - тілші:

Жол құрылысы бір бөлек, оны осылай жалтыратып баптау тағы бар.  Асфальт күтіміне 98 пайыз отандық шикізат пайдаланады.  Биыл жолдарды күтуге 24 млрд бөлінсе, келер жылы 26 млрд теңге  бөлінбек. «ҚазаҚавтожол» өкілінің айтуынша, жол бойындағы әжетханалардың 80-ге жуығы жаңартылмақ.

Тимур Алимов - «Қазақавтожол» ЖШС директорының орынбасары:

Қазіргі таңда 22 мың шақырымдай республикалық жолдарға қызмет көрсетеміз. Қалғанын мысалы,  211шақырым  Астана Шучинск ақылы тас жолын  «Автожол» компаниясы өзі қадағалайды. Одан өзге жолдарды қайта жөндеу керек. Біз жазда жолдарды шаң-тозаң, балшықтан тазартамыз. Азды көпті жөндеулер жүргіземіз. Қыста қардан тазартып, тайғақққа құм себеміз. Көліктердің  жыл бойы кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етеміз.

Қарашадан бастап 3 бірдей автожол ақылы болады. Ол Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы -Қорғас жолдары. 1 шақырымы 1 теңге.

Былтырдан бері жол салу бойныша 6 бірдей қылмыстық іс қозғалған.  Депутаттар Мемлекеттік бағдарламаны орындаудың мерзімін бұзғандардың  жауапкершілігін қатаңдатуды ұсынды. Әйтпесе жол салуды "май шелпекке" айналдырып алғандар көбейген. Жалпы, ел арасында асфальт төсеу десе, "коррупция ғой" деп бірден айтылатыны өтірік емес.

Диана Сапарқызы  "Біздің уақыт"