Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Шырайлы, шалқыма Шымкент! Үшінші мегаполистің амбициясы

AstanaTV
15.09.2018ж. 20:00
3439
Шырайлы, шалқыма Шымкент! Үшінші мегаполистің амбициясы

Сонымен, шырайлы Шымкент туралы материал. Қаланы «зың» деп сипаттау бар да, шынымен «зың» қылу бар. Республикалық мәртебе берілгесін қайтадан әкімі болған Әбдірахимовтың біліктілігі жете ме, осы тұста «уақыт көрсетеді» деп жаттанды сөзді айтуға тура келеді. Ал қаланың өзінің әлеуеті зор. «Шымкенттіктер –еңбекқор, кәсіпке бейім, жалқаулыққа жаны қас. Ресурстарды дұрыс бағыттап, қала тұрғындарының дамуына жақсы платформа ұсына алсақ, Шымкенттен екінші Сингапур жасауға болады. Шымкенттіктер қажет болса, таңға дейін жұмыс істей алады. Ал бұл – Калифорния мен Нью-йорк халқының да қолынан келмейтін нәрсе» - АҚШ-та оқып келген Тоқтар есімді шымкенттік кәсіпкер жігіттің айтқаны. Айзада Төребекқызының репортажы.

Бұл - Тоқтар. Жасы 25-те. Жас кәсіпкер Шымкентте екі жылдан бері бірнеше кәсіпті қатар дөңгелентіп отыр. Соның бірі – барбершоп. Ерлердің шашын қиып, сақал-мұртын ретке келтіретін орын. Шаһарда жоқ кәсіпті алғаш болып ашқан. АҚШ-та білім алған Тоқтар Әлімбековтің сөзінше ол өзге елде «сұлтан» болғысы келмеген.  - Мақсатым кіндік қаным тамған Шымкентімді түлету, титтей де болса үлес қосу, -дейді. Миллонды қалада іс қылам деген жанға мүмкіндік көбін айтады. Тіпті шымкенттіктерге қатысты өзге аймақтарда қалыптасып қалған стеоротиптерді түбегейлі жойғысы бар.

Тоқтар Әлімбеков - жеке кәсіпкер:

Біз Шымкентте басқа келбетінен көрсетуге тырысып жатырмыз. Біз жәй ғана Алматы мен Астананың дәрежесіне жетеміз деп қойып жатқан жоқпыз. Шымкентте бір ерекше халық, ерекше мінез бар. Түнде де болса, азанда да болса жұмыс істей береміз. Өйткені бізде мақсатымыз жәй ғана өмір сүру емес, рахаттанып.  Ақша табу, қимылдау, өз өзін дамыту деген мақсат қоямыз. Сондықтан осы бір мінез деп айтсақ болады, осы мінезді пайдалана отырып біздің шымкенттіктерге көп мүмкіншілік берілсе, бізден мықты-мықты деген кәсіпкер адамдар шығады деп сенемін.

Шымкенттіктердің ерекшелігін Өзбекстаннан білім іздеп келген Мәдина Нарзиева да байқапты. Самарқанд тұрғыны колледжден соң білімін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде  жалғастырып жатыр. Мәдина құдды өз елінде жүргендей әсерде. Тіпті шымқалада дефектолог, логопед маманына сұраныстың жоғарылығын естіген студент осында қалу ойы барын жасырмады.

Мадина Нарзиева - Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті \Өзбекстан\:

Алматы, Астанаға тапсырмақ болғанда ол жақтың халқы еуропалас деп естігенбіз. Тұрғындары негізінен орыс тілді екен. Ал Шымкентте тіл түсінісуде қиындық жоқ.Менталитетіміз өте ұқсас. Жол сұрасаң да, жөн сұрасаң да ерінбей, тәптіштеп түсіндіреді адамдары. Кішіпейіл. Мәселен Алматы мен Астананың жол ұзақтығын айтпағанда ол жақта оқу ақысы да, басқасы да қымбат біз үшін. Шымкентте оқу ақысы Самарқандпен шамалас. Бізде - 7,5 млн сум.

Бір ғана Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне көрші мемлекеттерден 786 студент оқуға түскен. Қытай мен Тәжікстаннан келгендер де бар. Басым бөлігі өзбекстандық. Ал былтырлары шетелден білім іздеп келетіндер бұл оқу орнында бірлі жарым ғана болыпты.

Жалпы Шымкент мегаполис болғалы шаһарға сырттан келушілер қатары едәуір артқан.

Статистика басқармасының дерегінше  Шымкент тұрғындарының  2018 жылғы 1 тамыздағы саны -1 млн 9 мың 212 адам.

1-шілдедегі халық саны -1 005 996 болған екен. Тұрғын саны 2017 жылмен салыстырғанда  7,8 процентке өскен. Яғни 73 мың 452 адамға артып отыр.

Жауапты басқармадағылар мұны шаһарда туу көрсеткішінің өсуімен байланыстырады. Дей тұрғанмен шымқалаға сырттан қоныс аударушылар да аз емес.

Нұрлан Досымбеков - Жылжымайтын мүлікті сату орталығының директоры:

Адамдар ауданнан келіп жатыр, бөтен облыстардан келіп жатыр, өзіміздің Шымкент тұрғындары қайтып жатқандары бар, Астанадан, Алматыдан. Ал қалғандары жаңадан келіп жатқандар олар аудандардан келіп жатыр.

Ақшасы барлар сатып алады. Жағдайы жоқтар олар енді жалға алады.

Мегаполисте жалдамалы пәтерақысы қымбаттаған. Риэлторлар мұның себебін тамыз бен қыркүйек айларында жұмыс бабы, сабақ жайымен келетіндердің артатынымен түсіндірді. Орта есеппен баға 10 процентке өскен. Жаңа үйлердің нарқында да өсу байқалады. 

Шымкентте азық-түлік бағасында да өзгерістер бар. Мәселен орталық базарлардағы көкөніс, азық-түлік бағасы кәдімгідей көтерілген.

Сабыржан Бектаев - сатушы:

Осыдан 1 ай бұрынғы бағадан қазіргі баға 15-20 теңге көтерілді. Өйткені қазір тауарлар Павлодардан келіп жатыр, Камаздардың соляркасы қымбат, жолкіресі қымбат болғаннан кейін сол қымбат болып жатыр. Одан кейін мына картошка Қырғызстаннан келеді. Долларға байланысты қымбаттайды ол да.

Рано Абдуалиева - сатушы:

Огурцылар 80-100 теңгеден сатып жатқан едік. Қазір огурцыларыңыз 200 -250 теңге болып жатыр. Помидорлар тез қымбаттады, бір аптаның арасында өзіміздің местный помидорлар 100 теңгеге қымбаттады. Бірақ оны өсіру оңай болып жатқан жоқ шығар, су қымбат қазір.

Нақ қысқа әзірлік кезінде қияр мен қызанақтың бағасы шарықтап кеткені қарапайым халыққа қиын. Етсіз ас ішпейтін халыққа мал өнімінің қымбаттауы да  әжептеуір салмақ. Үнемге көшкен көпшілігі.

Розмат Юлдашев - қасапшы:

1 450 теңгеден сатып жатырмыз сиырдың етін. Көтеріліп кеткеніне 1 ай болды. Шетелдерге кетіп жатыр. Бізге де сатуымыз сәл қиын болып қалды. Халықта ақша аз дегендей, өтуі де қиын болып қалды. Көтерілгені бізге жаман әсер етіп жатыр.

Бота - Шымкент қаласының тұрғыны:

Барлық нәрсе продукты болсын, бытовой техника болсын, барлық жағынан коммунальныйға дейін қымбаттады ғой. -Өзіңіз немен байланысты деп ойлайсыз? -Доллар, дейді. Бірақ доллардың бізге ешқандай қатысы жоқ қой?

Құрманкүл Медеуова - Шымкент қаласының тұрғыны, зейнеткер:

100 мыңдай кететін. Қазір 150 мыңдай кетеді.105 мың пенсия аламын. Сол жетпей жатыр ғой, жетпейді.

Десе де, шымкенттіктер сабырын сарқымайды. Қымбатшылық қысқанына қарамай той жасаудан шаршамайды, тойдан қалмайды. Өйткені адамға өмір бір-ақ рет беріледі дейді. Бұл сөзді Мемлекет Басшысы да айтқан, Шымкентке келген бір сапарында.

Ал кіндік қаны Қарақалпақстанда тамған педагог Қалия Қиясова Шымкентті еш жерге айырбастамауға серт берген. Өзбекстанның тумасы тіпті біздің елдің азаматтығын да алып үлгерген.

Қалия Қиясова - Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің педагогы:

Өзім тіл маманы болғандықтан кез келген тілде бізге мәселе туындамайды. Дейтұрғанмен, Қазақстан болғандықтан қазақ тілінде сөйлесу, жалпы салт-дәстүрді сақтау, осының бәрі бізге өте ыңғайлы, дұрыс. Сондықтан біз осы Шымкентті таңдаймыз.

Иә, мегаполис болған Шымкентте өзгеріс көп. Өз алдына басқармалар құрылғанын айтпағанда, тіпті автокөліктерге берілетін мемлекеттік нөмірдің реттік нөміріне дейін жаңа. 13 17 болып өзгерген. Бұл өзгеріс «әп» дегенде шаһар атынан Black Star байқауында бақ сынаған жерлесіміз Назима Жәнібекованың жанкүйерлері мен шаһар басшысын бастапқыда ойлантып тастапты. (Әнші мен әкімнің кездесуінен.)

Мегаполисте қауіпсіздік жағы да назарда. Мәселен, алдағы үш жылда 1 мыңнан астам интеллектуалды бейне бақылау камералары орнатылмақ. Бір сөзбен айтқанда дербес шаһардың алдағы даму жоспары айқын.

Айзада Төребекқызы - тілші:

Шымкент əуежайында жаңа терминал салынбақ. Темір жол вокзалы да жаңартылмақ. Əкімшілік-іскерлік орталығында 36 мың шаршы метрді құрайтын 300 -ден аса пəтері бар үйлер салынса, Шымкент сити қалашығында 70 мың тұрғын қоныстанады деп жоспарланған. Ал бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасалса, шымкенттіктердің кез-келген кəсіпті  тренингсіз-ақ дөңгелетіп кететіні белгілі. Одан туризмнің дамитыны сөзсіз. Шымкент шынымен "зың" қала болады. Мəселе шенеуніктердің шаһар тарихына жақсы атпен жазылу амбициясының шынайылығында.

Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт»