Алашорданың
негізін қалаушылардың бірі Әлихан Бөкейхановтың 1917 жылы автономия жариялағаны
туралы қаулы құжат алғаш рет көрмеге қойылды. Ұлттық мұрағат Ішкі істер
министрлігі және Бас прокуратурамен бірлесіп, саяси қуғын-сүргін мен
ашаршылықтан құрбан болғандарға қатысты өте құпия грифіндегі құжаттарды
жариялады. НКВД құпиялап тастаған том-топ материалдар ел тәуелсіздігінің 25
жылдығында ғана жұрт назарына ұсынылып отыр. Алайда мұрағат қызметкерлері әлі
де талай боздақтардың істері құпия деген грифпен шаң басып жатқанын мойындайды.
Саяси
қуғын-сүргінге ұлты зиялыларының көшін Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов,
Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Міржақып Дулатов сынды нақақ күйген
тұлғаларымыздың қылмыстық істері бастап тұр. Барлығы көрмеге 300-ге жуық құжат
қойылды.
Солақай
саясат алып ұрған Ахмет Байтұрсыновтың соңғы суреттері мен саусақ іздері, Сәкен
мен Бейімбеттің абақтыдағы, атылар алдындағы кейіптерін көргенде, қазақ жүрек
жыламай тұра алмайды. «Халық жауы» атанған боздақтардың қылмыстық істерінде
кеңес үкіметінің "қас жауы" деп көрсетілген.
Марат
Әбсеметов, ҚР Ұлттық мұрағатының бас директоры:
Мәселен,
Әлиханның құжатында біз 17 жылы автономия жарияладық дейді. Мемлекет. Ал кеше
Әзірбайжандар өз мемлекетінің 80-90 жылдығын өткізіп жатыр. Сол күннен бастап
17 жылы жариялады ғой. Бізде де сондай съезд өткізген документтер бар. Халықтың
екі жыл депутат сайлап, кешегі Әлихандар, Мұхаметжан Тынышбаевтар кешегі сенатын
сайлаған, қаулы шығарған. Ол бізге керек жастарға.
Санжар
Аспандияров, Ораз Жандосов, Темірбек Жүргенов, Жұмат Шанин, Тұрлыхан Хасенов
сынды қызыл қырғын саясаттың құрбандары болған біртуар тұлғалардың да қылмыстық
істерінен «құпия» деген грифі сыпырылды. Алайда мұрағат директоры әлі талай
құжаттың "құпиясы" ашылмады. Бұған парламент араласуы керек, дейді.
Мәселен, ұлт зиялыларын айтпағанда, табын-табын жылқыларының арқасында халықты
аштықтан сақтаған 100 байдың ісі де әлі де құпия дейді. Олар - кулактарды тап
ретінде қыру саясатының құрбандары.
Марат
Әбсеметов, ҚР Ұлттық мұрағатының бас директоры:
Өте
құпия, совершенно секретно дейді. Сол 100 мың қазақтың байы 5-6 млн қазақты
сақтаған. Аштықтың алдында ғой. Соларды қырып тастаған соң, халық қырылып
қалды. Солардың не құпиялығы бар. Қазіргі кейбіреулер қорқады, Сталин, Берия тіріліп
кететіндей, олар тірілмейді.
Ішкі
істер министрлігі көрмеге 42 ұлт зиялысының қылмыстық істерін берген. Олар
Алашорда үкіметінің белсенділері мен оқу-ағарту ісімен айланысқан тұлғалар. Ал
министрліктің веб-порталында репрессиядан ақталған 109 мың адамның ісі
жарияланған. Көрмеге репрессияның құрбандары болған зиялылардың ұрпақтары да
келді. Азамат Базенов атасы Базен Махметовке қатысты деректерді осы мамыр
айының басында ғана тапқан.
Азамат
Базенов, саяси қуған-сүргін құрбанының немересі:
Ұсталғаны
Бестөбе Рудный кеңесі дейді хатшы болған. Интеллигенция, оқыған адам, 10 жыл
білімі болған. Сол кезде жала жапты ма, 3-4 кісі жазыпты, солай кетті. Сүйегін
білмеймін. Мен өте риза боламын, тауып берсе жатқан жерін.
Еліміз
бойынша 103 мың адам саяси қуған-сүргінге ұшырап, 25 мың адам атылып кетті.
Көрмеге Қазақстанға қудаланған гректерге қатысты құпия құжаттар да қойылды.
42-49 жылдары қазақ даласына грек ұлтының 43 мың өкілі күштеп қоныстандырылған.
Айта кетерлігі, ұлттық мұрағатта құпия құжаттар тек бір аптадай ғана тұрады.
Кейін ол ішкі істер министрлігіне қайтарылады.
Айгүл ӘДЕПБАЙ