Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қазақстан туризмнен ЖІӨ-ге түсетін пайда көлемін 8 пайызға жеткізбек - Т. Дүйсенғалиев

AstanaTV
18.09.2018ж. 20:00
3546
Қазақстан туризмнен ЖІӨ-ге түсетін пайда көлемін 8 пайызға жеткізбек - Т. Дүйсенғалиев

"Жібек жолы" бойындағы елдерді емін-еркін аралайтын күн алыс емес. Орталық Азия елдеріне ортақ "шенген визасы" енгізілуі мүмкін. Бұл туралы "Жібек жолы бойындағы елдердің" халықаралық жиынында айтылды. Турист тарту жағынан Қазақстан 83-ші орында. Ал алғашқы орындарда Франция мен Испания. Саяхатшылар жиі сапар шегетін елге айналу үшін қайтпек керек? Халықаралық форумнан Дәуренбек Бақдәулетұлы баяндайды.

43 млн халқы бар Испанияға былтыр жердің түкпір-түкпірінен 87 млн адам саяхаттапты. Бір қызығы, олардың 80 пайызы қайта келушілер. Осылайша, туризмнің дамуы елдегі жалпы ішкі өнімнің 11 пайызын құрап отыр. Халықаралық жиынға келген испандық маман Қазақстанда туризмді дамытуға мүмкіндік көп екенін айтты.

Мария Анхелес Мартинез Мингуэза, Испанияның туризм жөніндегі мемлекеттік хатшылығының бөлімі басшысы:

«Жібек жолы» деген атау - туризм үшін тамаша бренд. Біздің елдер арасы мыңдаған шақырым болса да, ұқсастықтар да көп екенін байқадым. Мысалы, сіздер думандатып той тойласаңыздар, бізде сиеста деген бар. Дәл осы той арқылы сіздер қандай бақытты халық екендеріңізді бүкіл әлемге көрсетуге болады, туристерді қызықтыруға болатын еді. Саланы дамытуда осындай детальдарға көңіл бөлген жөн.

Қазақстан қазір туристік потенциалды жақсартып, ЖІӨ-ге түсетін пайда көлемін алдағы 5 жылда 8 пайызға жеткізуді көздейді. Қазір бұл тіпті 1 пайызға да жетпейді. Саланы қарыштату үшін инвестиция салу керек.

Тимур Дүйсенғалиев, «KAZAKH TOURISM» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары:

Елбасы тапсырған мемлекеттік бағдарламаны жасақтауда бізге шамамен жоспарлаған межеге жету үшін 1,5 триллион теңге қажет. Бұл өте күрделі инфрақұрылым, яғни жолыңыз бар, жетекші жобалар бар дегендей. Әзірге туризм саласына қызыққан инвесторлар жоқ. Сондықтан біз осы салада жеңілдіктер мен қызықтыратын жобалар жасауымыз қажет

Салаға жауапты министр халықаралық жиында Орталық Азия елдеріне ортақ "шенген визасын" енгізуді ұсынды. Қазір Өзбекстан-Қазақстан арасында емін-еркін жүру үшін келіссөздер жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Бұған Тәжікстан мен Қырғызстан да қызығушылық танытып отырған көрінеді.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

"Жібек жолы бойындағы елдер" халықаралық жиынына әуекомпания өкілдері де келді. Дегенмен баға қолжетімділігі жағынан теміржол тиімді екені айтылды. Білікті мамандар ортаға салған мәселе түйінделіп, тапсырмаға сай туристік саланың мемлекеттік бағдарламасы жыл соңына дейін президентке таныстырылмақ.