Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Қазақстандағы электролиз зауыты өнімінің 90 пайызын экспортқа шығарады

AstanaTV
30.11.2015ж. 20:00
1165
Қазақстандағы электролиз зауыты өнімінің 90 пайызын экспортқа шығарады

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесіне айналды. Президент бүгінгі Жолдауында осыны жариялады. Жаңа статус отандық өнімнің әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуын міндеттейді. Экспортқа бағытталған кәсіпорындар мен шетелдік инвесторларға тың мүмкіндіктер берілмек. Бұған қоса, өндіріс ошақтарының сауда-саттық кеңістігі да арта түседі. Бұл әлемдегі 161 мемлекетінің нарығына ашылған жол. Өндіруші зауыттарды қандай өзгеріс күтетінін тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы зерделеді.

Дайын құйманың таза салмағы шамамен 20 келі. Дәл осындай іріктелген алюминий кесектерінің көлемі 1 тоннаны құрайды. Қазірде өнім тапсырыс берушілерге жөнелтілуге әзір тұр. Айта кетері, кәсіпорынның өнімдері Қазақстанмен қоса, алыс-жақын шетелдерде саудаланады.

Қазақстандық алюминийді тұтынушылар қатарында Ресей, Украина, Белоруссия мен Өзбекстан зауыттары тұр. Сондай-ақ, бұл металл  Еуропаның бірқатар елдеріне сатылады. Еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруда мұның үлесі зор.

Индира Байкина, «Қазақстан электролизі» АҚ  бөлім меңгерушісі:

Қазіргі кезде біздің зауытымызда 230 мың тонна тауар өндіріледі. Соның 90 пайызы экспортқа жіберіледі. 10 пайызын біздің ішкі зауыттар алады. Дүниежүзілік сауда ұйымына енгеннен кейін біздің тауарымыз бәсекеге төтеп бере алады деп ойлаймын. Өйткені бізде өндірілетін тауар өте жоғары сапада.

Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру Қазақстан нарығына жаңа кеңістіктерді айқара ашады. Еліміз шикізат экспортымен емес, өзіндік таңбасы бар тауары арқылы әлемді мойындатуы шарт. Экономисттердің пікірінше, бұл бүгінгі күннің басты талабы.

Айдар Әлібаев, «Финпотребсоюз» тұтынушыларға қаржылық қызмет көрсету одағының төрағасы:

Еліміз үшін жаһандық нарық ашылады. Бірақ біздің де әлем алдында өз мықтылығымызды дәлелдеуіміз керектігін ұмытпауымыз керек. Жуық арада бізге тауарлар легі ағылады. Оған отандық кәсіпорындар қаншалықты дайын?! Бәсекеге төтеп бере ала ма деген сауал мені толғандырады. 

Президент дәстүрлі Жолдауында өндіріс саласына ерекше тоқталды. Бұл ретте, мемлекет басшысы жастарды техникалық мамандықты таңдауға шақырды. Аталған бағытты қолдауда мемлекет тарапынан нақты қадамдар жасалатынын жеткізді.

Бауыржан Смайылов,  «Қазақстан электролизі» АҚ  цех басшысының  орынбасары:

Бүгінгі Елбасы жолдауында кәсіби-техникалық оқытуға қатысты жағымды жаңалық айтылды. 2017 жылдан бастап бұл бағыттағы білім беру ақысыз болмақ. Кәсіпорындағы кадрлық саясат жастарға негізделгендіктен, бұл біздер үшін өте маңызды.

Кәсіпорында екі жарым мың адам жұмыс істейді. Оның тең жартысы - жас маман. Қазіргі экономикалық ауыр жағдайға қарамастан, зауыттағы әлеуметтік қамсыздандыру оң жолға қойылған.

Руслан Аралов, ағаш шебері:

Мен 2007 жылдан бері жұмыс істеп жатырмын. Ешқандай қысқарту болған жоқ қызметте. Көрші елдерден кәсіби мамандар шақыртып, жұмысқа орналастырды. Солардан білім алдық. Өзіміз де қазір білімімізді толықтырдық. 

Қуатты ел болу - бәсекеге қабілетті болу деген сөз. Елбасы атап өткендей, «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйым сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болса ғана, ісіміз өнімді, тауарымыз өтімді болмақ.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ