$525.87 €614.37 ₽6.72
×

Ескі номиналдағы ақша жаңа үлгіге ауыстырылады

AstanaTV
27.11.2015ж. 20:00
2402
Ескі номиналдағы ақша жаңа үлгіге ауыстырылады

Дүрлігуге негіз жоқ. Айналымдағы 2006 жылғы ақшалар келер жылдың соңына дейін жарамды. Бұл туралы арнамызға сұхбат берген Еуразиялық банктің атқарушы директоры Шолпан Мұратбековадан білдік.

Қаңтардан бастап 2006 жылы шыққан 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттар айналымнан шығарылады деген ақпарат кешелі бері халық арасында тез тарап, сан сауал туындаған еді. Банкке қоңырау шалғандар да көп болыпты. Ескі ақшалардың айналымнан шығатыны туралы ресми ақпаратты Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге таратқан. Мұны Еуразиялық банктің атқарушы директоры растап отыр. Ал халыққа мынадай кеңес береді.

Шолпан Мұратбекова, Алматы қаласы Еуразиялық банктің атқарушы директоры:

Халыққа айтарымыз, екінші деңгейлі банктерге келіп 2006 жылы шыққан 2000, 5000, 10000 теңгелерін өткізіп, жаңа үлгіні айырбастап ала алады. Шыққан жылы барлық ақша белгілерінде көрсетілген. Әрине, халықтың қолында ескі номиналдағы қаражаттың көлемі көбірек болса, бір банкте ондай үлкен сома болмай қалу мүмкін. Бұндай жағдайда кез-келген екінші деңгейлі басқа банктің көмегіне жүгінуге болады. Тағы бір айта кететінім, ескі ақша бірінші қаңтардан айналымнан шыққанмен, біз айырбасты  2016 жылдың соңына дейін жалғастырамыз. Сондықтан дүрлігуге негіз жоқ.

Айгүл ЕРМАХАН