Спасск мемориалдық кешенінде
саяси қуғын-сүргін құрбандары болған қарашайлар мен балқарларға арналған
ескерткіш белгісі ашылды. Ұлы Отан соғысы жылдары жер аударылған шетел азаматтарын
еске алу рәсіміне олардың жерлестері қатысты.
Ескерткіш Қарлагта тұтқында
отырып, Қарағанды жерінде қаза тапқан әскери адамдарға арналады. Соғыс жылдары
қарашай-балқар ұлтының 37 мың өкілі Қазақстан мен Орта Азияға жер аударылған. Оның 16 мыңға
жуығы қазақ жерінде қалған. Жазықсыз қудаланғандар отандарына оралмады. Қаралы
митингке Эстония Республикасының елшілері мен аймақтағы этно-мәдени орталық
өкілдері, сондай-ақ көзі тірі бұрынғы тұтқындар да келді. Олар отандастарының
құрметіне гүл шоқтарын қойды. Рәсімге мұсылман, православ және католик
діндарлары қатысып, дұға бағыштады.
Спасск мемориалдық кешені - әскери тұтқындар
жерленген жер. Мұнда елуден астам ұлт өкілінен шыққан 5 мың тұтқынның мүрдесі
көмілген. Бүгінде облыста саяси қуғын-сүргін құрбандарының құрметіне ашылған 27
ескерткіш бар.
Людмила Хочиева, Қарағанды
қаласы қарашай-балқар мәдени орталығының төрайымы:
Осы жерге 62 халықты қуып әкелгенде,
бір жапырақ нанды бірге бөліп жеген халықтың ұрпағымыз. Біздің балаларымыздың
аспаны ашық болып, осындай жағдайға түспейтіндей, Елбасымызға, қазақ халқына, қазақ
жеріне басымды иіп, рахмет айтамын.
Нұрмұхамбет Әбдібеков,
Қарағанды облысының әкімі:
Қарағанды облысында «мемлекет
ішіндегі мемлекет» атанған Қарлаг жұмыс істеді. Кеңестік империяның
түкпір-түкпірінен әр ұлттың белгілі тұлғалары болды. Әрине, мұның бәрін жас
ұрпақ зердесіне тоқып, санасына сіңіруі тиіс.
Айжан ҚУАШ