$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Пайданы жіберіп ...алу

AstanaTV
28.11.2015ж. 20:30
1271
Пайданы жіберіп ...алу

Ресейдің «СУ-24» бомбалаушы ұшағын Түркияның «F-16» жойғыш ұшағы Сирия-Түркия шекарасында атып түсіргені қазіргі уақыттағы ақпараттық қырғи-қабақ соғыстан ...«керосиннің исін шығарды»... Тіпті телевизиялық сюжеттерден өрттен шығатын «иісті» де сезінетіндейсің... Шошығанмен, факт сол. «Әлемдік саясатты анықтайтын держава» болмасақ та, сол державалардың «тартысатын» алаңына кіретін болғасын біздің де  «нервті дірілдетті» деп сипаттау ...аз...

Сол күні  Ресей президенті Владимир Путинніңөз мәнерінде «жон арқадан соққы» дегені, Ресей мен Түркия қарым-қатынасының құрдымға кететінін меңзегені және Түркияны терроршыларға байланысты екіжүзді саясат ұстайды – деген бағытта сипаттауы өте актуальді мәселелер бойынша қоғамдық пікірі онсыз да қақ жарылатын бізде кезекі рет түрлі ұстанымдар галереясын «ашты». Анкараның «ресейлік бомбалаушы ұшақтар Түркияның әуе кеңістігін бұған дейін де бірнеше рет бұзды, ал нақ ұшақ атып түсірілетін күні пилоттар бірнеше ескертуді елемеді, мемлекеттік шекараны ешкімге бұзғыза алмаймыз» деген аргументінМәскеудің үзілді-кесілді жоққа шығарып,«мұндай қылмысқа ешқашан төзбейтінін» мәлімдегенінен кейін «мен мынаған жақпын» деген қарапайым егес немесе менталитет  - ми қайшылығын қоздырмай, өзіміздің ұлттық мүдденің тапталмауын, «атып түсірілмеуін» қамтамасыз ететін ой-жарысын, талдауды ұйымдастырсақ, «сондай галерея» ашсақ, кәні?.. Оның бір жолын кәсіпкерлердің өздері айтып жатыр. Түркия, Ресей мен Батыс әлемі арасында санкциялар соғысы басталғанда өз тауарларын экспорттаудың бүкіл рәсімдерін барынша жеңілдетіп, Ресейге тауар тасымалдауды оңайлатқан. Оларда тіпті экспортты жылжытуға көмектесетін аналитикалық орталық бар екен, үкіметі жанында. Процедуралар мен ережелерге байланысты жылдам шешім қабылдауға ықпалдасады. -Орыстармен қазір текетіресіп қалғанымен, алдында – санкциялар соғысы басталғанда, сәтті ұтымды пайдаланған сол түріктерден бізге үлгі алу керек- дейді, милы бизнесмендер. Себебі орыстар қазірдің өзінде түрік сауда керуендеріне шектеу қойып, тыйым салып жатыр. Азық-түлік өнімдерінен бастап, мұнай-газ, атом өнеркәсібіне дейінгі байланыстары «мұздай қатырылатын» сияқты. Тіпті біздің елімізге бағыт алған түріктің тауар тиеген жүк көліктерін жібермей отырғандары олардың "қырсықтығының" жәй, қыр көрсету еместігін дәлелдейді. Бұл проблема әрине, бірақ біз өз пайдамызды кең ракурста ойлауымыз керек ғой.

Теміржан Жалғасбаев, кәсіпкер:

Қазір мен сізге келе жаттым, радиодан бір бағдарламаны тыңдап отырмын. Қазақстанның бір сыйлы азаматтарынан пікірін сұрап жатыр – ол кісінің идеялары Мәңгілік ел туралы, Қазақстан сондай болу керек, тек ғана болашақты айтады. Қызық оқиға есіме түсіп кетті. Кезінде мектепте оқығанда тарих пәнінен екі немесе үш алып келсек, әке-шешеміз тарихтан не болды деп сұрағанда, биология немесе география немесе болашақта институтқа түсемін деген болашаққа армандарыңды айтып, қашқақтайтын едік. Қазіргі жағдай тура сол. Қазіргі таңда не істейміз деп жатқан адам аз. Халыққа не істейміз дегенді қазір ойланайық. Жұмыссыз отырған адам көп. Жұмыссыздық күннен-күнге көбейіп жатыр. Көршіміздің мүмкіндік беріп отырғанын қалай пайдаланамыз, «дорожная карта» деген бар, бәрі жақсы көретін сол қайда?

Айдар Әлібаев, қаржылық қызметтер тұтынушылар одағының басқарма төрағасы:

Бірінші кезекте біздің бизнестің ұсынысы да көп емес. Екіншіден, ұсына алатын позициялар бойынша да проблемалар бар. Өйткені еуразиялық одақ аясында, соның құрылымдарында жұмыс істейтін біздің шенеуніктер Қазақстан мүдделерін өте нашар, төмен деңгейде қорғайды. Олар біздің тауарлардың жетуіне ықпалдасатын жағдай жасамай отыр. Ал белорустарға қарасаң, қызғанасың. Шағын Белоруссия бұл жағдайдан барынша пайда көріп қалып жатыр. Олар осы жолы да жылдам әрекет етеді. Солардан үйренсек, нетті...

Осы тұста да есемізді жіберіп аламыз-ау. "Белорустар құрлы болмадық" деген қызғаныш сөзін шенеуніктерді жақсы, өте жақсы білетін адамдар айтып отыр...

Ресми ұстаным –нан да қашып құтыла алмаймыз. Астана  Анкара мен Мәскеуді «ұстамды болуға, жағдайды шешу үшін бар мүмкіндікті пайдалануға» шақырды.Дәл қазір бұдан басқа амал да жоқ. Алайда қиындап кеткен көпбағытты саясат одан әрі күрделене түсетінін сарапшылар айтып жатыр. – Біздің республиканы конфликтіге тарту біздің ұлттық мүдделерімізге қайшы. Әзірге көпвекторлық пен бір тараптың күш алып кетпеуіне негізделген таразыға сүйенген- дейді, Досым Сәтпаев. Ол тіпті ресейлік ұшақ атып түсірілген оқиғаға емес, апта басында Тегеранда болған мұнай экспорттаушы елдер САММИТ-іне назар аударады. Жиын барысында  РФ Президенті В.Путин Түркіменстан Президенті Ғұрбанғұлы Бердімұхамедовпен кездескен, сонда нағыз шығыстық үлгідегі тамыр басу болды. Тыңдап көрелік:

Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов, Түркіменстан президенті:

Біздің қазақ достарымыз Қаспий теңізінің әуе кеңістігіне байланысты өте қатты алаңдайтын көрінеді. Әскери мәселелерге. Халықаралық азаматтық тасымалға орай. Ұшақтардың бағытын өзгертуге байланысты.

Владимир Путин,РФ президенті:

Біздің достарымыздың алаңдаушылығына байланысты айтатыным – біздің қазақстандық достарымыз әзірге ешнәрсе деген жоқ. Қаперге аламыз. Біз түсінеміз – белгілі-бір шектеулер бар шығар, бірақ біз білеміз ғой, Ресейдің терроризммен күрестегі шаралары бірінші кезекте Ресейге қатты тиіп отырған терроризм зауалына жауап. Түрлі экстремистік ұйымдар ешкімді аяйын деп тұрған жоқ. Олар жыртқыш аң сияқты. Олар азаматтық кемелерді де аямайды. Азаматтық авиацияны айтам. Сондықтан қолайсыздықтар туып жатса, оларды әрине, азайту керек. Бірақ ұшағымыз құлап, трагедияға ұшырағасын, біз операцияларды кінәліларды жазалағанша жалғастыра береміз.

Түркіменстан президенті қазақ достарының өтінішімен айтып тұр ма, жоқ әлде алаңдаушылық барын білгесін, соны пайдаланып, өзінің көкейіндегі сауалды қойып тұр ма, ол онша маңызды емес. Шығыстық дипоматия. Маңыздысы – қайтарылған жауап. -Ресейдің Сирияны Каспий теңізінен атқылауы Каспийді жағалай орналасқан басқа елдерге – Әзербайжан, Иран, Қазақстан және Түркіменстанға «Каспий теңізін біздің флот басқарады» деген емеурінді де білдіреді – деп жазған-еді, «Азаттық» порталы.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Ресейдің жүгенсіз әрекеттерінің нәтижесінде таяқтың екінші бір ұшы Қазақстанға да тиіп отыр. Себебі Қазақстанды Ресейдің бұлжымас одақтасы деп қарайды. Ресейді қолдап отыр деп қабылдайды...Сондықтан бұл Қазақстан үшін де ойлантатын жайт. Ресеймен тым жақындасып, интеграцияда болудың қисыны күннен күнге төмендеп келе жатыр. Есесіне біз әу бастағы көпвекторлы саясатымызды ұстайтын болсақ, технологиялары бар, дамыған, бізге жақын бауыр Орталық Азия, Түркия сияқты мемлекеттермен жақындықты ойлаған абзал.

Жалпы осы Сириядағы ДАИШ –пен күреске байланысты мынадай ағарту деталі:

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Сирияда қазір Башар Асад бастаған билік бар. Өзінің халқына өзі соғысып, танкі, самолет бәрін жіберіп отырған. Жалпы қазіргі өлшем бойынша Сирия халқының 70 пайызы Башар Асадқа қарсы, және соған қарсы соғыс әрекеттерінде жүр. Бірақ осы тұрақсыз 4-5 жылдың ішінде осы елдің ішкі ісіне араласқан көптеген басқа мемлекеттер бар. Ол көрші мемлекеттер – Катар, Сауд Арабиясы, Түркия, Иран, ірі державалар – АҚШ, Еропаның жекелеген мемлекеттері, Ресей. Әрқайсысының ойлағаны әрқалай – әрқайсысының көздеген міндеттері әрқалай. Тіпті біріне бірі қайшы. Тиісінше ИГИЛ-ді нысанаға аламыз деп отырып, бұл мәселе бір желеуге айналғандай. Яғни осы күресте жүріп жатырмыз деген желеумен шын мәнінде әр мемлекет жеке-дара өзінің стратегиялық, ұлттық мүдделерін көздеуде.