$530.24 €543.97 ₽5.16
×

Қызылорда облысының экологиялық таза ет-сүт өнімдері шетелдік нарыққа шығады

AstanaTV
31.05.2016ж. 20:00
3522
Қызылорда облысының экологиялық таза ет-сүт өнімдері шетелдік нарыққа шығады

Қызылорда облысының экологиялық таза ет-сүт өнімдері жақын арада шетелдік нарыққа шығады. Бұл аймақтағы мал шаруашылығы саласының дамуына жаңа серпін бермек. Сыр өңірінде өткен екінші облыстық малшылар слетінде  бірнеше маңызды жобалар талқыланды. Басқа өңірлерден де делегаттар қатысты. Шарипа Сақтапованың репортажы.

Ата-бабасынан қалған кәсіпті дөңгелетіп келе жатқандардың бірі - Есберген Ибрагимұлы. Қожалығындағы төрт түліктің басын көбейтуге қаншама тер төгіп, қыруар қаражат жұмсағанын айтады. Бірнеше бас ірі қара мен ұсақ мал ауруға шалдығып, қырылып қалған кездерді де бастан өткерген. Бүгінде кәсібі жолға қойылған шаруашылық ет өнімдерімен өзге аймақтарды да қамтамасыз етіп келеді.

Есберген Ибрагимұлы, Қызылорда облысы «Туған жер» шаруа қожалығының басшысы:

400 бас асыл тұқымды мал алғанмын. Қазір үш мың басқа соны жеткізіп отырмыз.  Жыл сайын мемлекет мал өсіретін шаруашылықтарға субсидия беріп жатыр малды асылдандыруға. Жақында ғана жем-шөп қорына байланысты субсидия берілді. 

Алдағы уақытта жергілікті фермерлер өз өнімдерін әлемнің кез-келген мемлекетіне ешбір кедергісіз экспорттай алады. Олардың қатарында ет, шұбат пен қымыз да бар. Экологиялық табиғи таза өнімдер қашанда сұранысқа ие.

Серік Қожаниязов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:

Қызылорда буферлік аймақтан былтыр шықты. Енді жақын арада халықаралық эпизоотикалық бюро болады, сол Ассамблеясының жинауын күтіп отырмыз. Сол кезде бізге сертификат береді. 185 ел жиналып, сол дауыс береді де. Былтыр біз бәрін дәлелдеп, құжаттарына қол қойып қойғанбыз.

Малшылар отандық ғалымдармен бірлесе отырып, саладағы күрделі мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады. Құнды кеңестерге арналған шеберлік сағаттары өтті. Мал арасындағы індеттердің алдын алу мен емдеу, ет бағытындағы ірі қара малды азықтандырудың баланстық жүйесін енгізу жайы сөз болды.

Еркебұлан Ахметов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент басшысы:

Бұл осы облыстағы мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының өзара тәжірибе алмасып, жаңа озық тәжірибелерді өз шаруашылығына енгізуге мүмкіншілік береді. Яғни ғылым мен өңдірістің байланысқан жері деуге болады.

Аймақтағы малшылар слетінде үздіктер марапатталды. Бүгінде облыста ірі қара, жылқы және түйе малының саны, 1993 жылғы деңгейден асып түсті, ұсақ мал басы да өсуде. Аймақтың экспорттық потенциалын жоғарылату мақсатында бюджеттен қаржы бөлініп, облыстың «Агрокартасы» әзірленіп жатыр. Қызылорда қаласында тәулігіне 3 тонна жартылай фабрикатталған ет өнімін өндіретін аспаздық-фабриканың құрылысы аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, Жаңақорған ауданында жылына 7 мың тонна ет өңдейтін комбинат салу жоспарланған.

Шарипа САҚТАПОВА