$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Теміртаулық ауған соғысының ардагері он жылдан астам өлгендер санатында тіркеліп келген

AstanaTV
21.01.2014ж. 20:00
1376
Теміртаулық ауған соғысының ардагері он жылдан астам өлгендер санатында тіркеліп келген

О дүниеден қайтып келді. Теміртаулық ауған соғысының ардагері Леонид Данченков он жылдан астам өлгендер санатында тіркеліп келген. Тіпті туған-туысы жерлеу рәсімін жасап, зират басына гүл шоқатырын апарып тұрған. Ал енді тірі екенін айтып қайтып келгенде, оған тірілер қатарына қосылу оңайға соқпай тұр. Бақидан оралған ардагерді құжат машақаты қинап отыр. Бұл аздай төрт бөлмелі пәтерін де қайтара алмай жүр. 


Леонид Данченков тірі екенін дәлелдей алмай жүр. Оқиға былай болған. Ауған соғысының ардагері тоқсаныншы жылдары құжаттарын жоғалтып алады. Одан соң жұмысы мен отбасынан айырылады. Сол кезде өмірдің мәнін де жоғалтады. Жоғары білікті металлург ауыл арасында қаңғырып, нанын тауып жейді.


Леонид Данченков,  Ауған соғысы ардагері:


Ағама келіп едім, ол мені танымай қалды. Подъезде қараңғы болғандықтан шығар. Сосын таң қалды. Олар мені жерлеп тастаған. Тіпті зиратқа барып, еске алып отырған.


Алайда ағайыны оны құшақ жая қарсы ала қоймайды. Мұнымен қоймай тірі екенін растап, құжат жинау да оңайға соқпаған. Туған жері Ресейден сұратқан мәліметтері жауапсыз қалады. Салы суға кеткен Леонид тағы да кез келген жұмысқа түсіп, тамағын айырады. Дегенмен туған өңірінде жолы болады. Мейірімді бір адам үйіне кіргізіп, қамқоршылық жасайды. Тіпті туғандарынан асып, құжаттарын қалпына келтірмек болып әлектеніп жүрген көрінеді.


Ринат Канафин, Қарағанды облысы Гагарин ауылының тұрғыны:

 
Оны үлкен трасса бойында кездестірдім. Жүк көліктерінің доңғалақтарын ауыстырып, тамағын тауып жүр екен. Қарасам, ішімдік ішпейді. Ауған ардагері екен, аяп кеттім.


Құжат бойынша Леонид Данченков 2002 жылдың 5 тамызында қайтқан. Табытқа оның орнына белгісіз еркектің мәйітін көмген екен. Әзірге ауған ардагерлерінің ұйымы мен жергілікті әкімдікте ғайыптан келген адамның аты-жөнін қайтаруға қарекет қылуда. Өзінің айтуынша, ол 1965 жылы туылған. Және отыз жыл бұрын Ауғанстанда үшінші танк ротасында әскери ұрыстарға қатысқан. «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.


Леонид Данченков, Ауған соғысы ардагері:


Арақ деген қатерлі нәрсе. Мен соның кесірінен бәрінен айырылып қалдым. Бірақ қазір құжаттарымды түзеп, өзімді адам ретінде сезінгім келеді.


Леонид Данченков атынан ғана емес, Теміртаудағы төрт бөлмелі пәтерінен де қағылған. Белгісіз пысықайлар оны әлдеқашан сатып жіберіпті. Полиция алаяқтарды тауып, пәтерін қайтаруға көмектеседі деп үміттенеді ардагер. Өмірін де жаңа парақтан бастамақшы.


Айгүл ӘДЕПБАЙ