Алименттен
жалтарғандардың құқығын шектеу керек. Бұл туралы жеке сот орындаушылардың республикалық
палатасының төрағасы Сергей Ли айтты. Бүгін Алматыда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 27-ші
қадамының аясында жеке сот орындаушылардың институтын нығайту мәселелері
қаралған жиын өтті. Сергей Ли мұндай
қадамға елімізде тіркелген сүреңсіз статистикалық көрсеткіш итермелеп отырғанын
жеткізді. Шараға «Нұр Отан» партиясы мұрындық болған. Сандарды сөйлетсек,
бүгінде ажырасқан әкелердің 70 пайызы баласына алимент төлемейді. Оның 30
пайызы төлемнен жалтарса, 40 пайызына іздеу жарияланған.
Сергей Ли, жеке сот орындаушылардың республикалық
палатасының төрағасы:
Қазіргі
таңда алимент өндіру - өзекті мәселе. Сондықтан алимент төлемейтіндердің құқығын
шектеу қажет. Мысалы, көлік жүргізуші құқығынан айырып, аң, балық аулауға
шығатын серуендеріне тыйым салсақ, балаларының алдындағы әкелік жауапкершілігін
ескеретін болады. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін, біз соттан көмек сұрамақпыз.
Нәтиже болады деген сенімдеміз. Қазіргі уақытта мемлекеттік сот орындаушылардың
қолында алимент мәселесі бойынша 220 мың іс бар.
Сондай-ақ
жиында сот шешімдерінің нақты жүзеге асырылуына атсалысып жүрген жекеменшік сот
орындаушылардың жұмысын жетілдіру мәселесі де сөз болды. 2010 жылдан халыққа
қызмет көрсетуді бастаған жеке сот орындаушылардың жүйелі ісі соңғы 5 жылда ел
бюджетін толықтырған.
Нұрлан
Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы жанындағы
құқықтық кеңес төрағасы:
Сот
және мемлекеттік органдардың айыппұлға байланысты қабылдаған құжаттарының жартысынан
көбісі 57 пайызы жеке сот орындаушылардың күшімен орындалып жатыр. Елбасының 27 қадамында көрсеткен бағытқа байланысты біртін-біртін
мемлекеттің сот орындаушылық институты өзінің орнын жеке сот орындаушыларға
тапсырады деген бағытпен келе жатқан жайымыз бар.
Айгүл ЕРМАХАН