Өткен жылдың соңында Алматыдағы мектептердің бірінде қаза тапқан оқушы
Әділет Қыдырәлиевтің өлімінің нақты себебі әлі айтылмай отыр. Жалғыз ұлынан
айырылған ата-ана бүгін мектеп ұжымы мен құқық қорғау орган қызметкерлерін
айыптады.
Айта кетейік, 15 жастағы жеткіншек тура бір ай бұрын қаладағы №66
мектептегі дене шынықтыру сабағында оқыстан қайтыс болған еді. Сондай-ақ, дәл
осы ұжымда 8 ай бұрын тағы бір оқушы спорт залдағы арқаннан құлап, сал болып
үйінде жатқаны белгілі болды.
Сегізінші сыныпта оқып жүрген Әділеттің өліміне қатысты әртүрлі
болжамдар бар. Мектеп ұжымы оның жүрек талмасынан қайтыс болғанын айтып
ақталса, ата-анасы ұлдарының ешқандай дертке шалдықпағанын алдыға тартады.
Бірақ тараптардың тартысына ұзаққа созылған сараптама нүкте қоюы керек еді.
Мерлан Шотықов, Алматы қаласы Жетісу ауданы прокурорының көмекшісі:
Гистологиялық сараптама дайын болмай жатыр. Ол баланың қанын, басқа да
анализдеріне қарап, неден қайтыс болғанын айту керек.
Баланың қырқына дайындалып жатқан отбасы байыз табар емес.
Әділеттің апасы сот-медициналық сараптама қорытындысына үміт артпайды. Ол
немересінің көз жұмуына білім мекемесін кінәлайды. Сондықтан, жақында тәуелсіз
сараптамаға жүгінбек.
Фаина Исмагилова, Ә.Қыдырәлиевтің әжесі:
Тәуелсіз сараптаманы да Мәскеуден шақыртамын, эксгумация жасатуға дейін
барамын, керек болса. Шындыққа жету үшін бәрін жасаймын.
Бір жыл ішінде бір баланың мерт болып, тағы бір қыздың жарымжан болуына
себепкер болған мектеп - мынау. Әділет Қыдырәлиевтің қайтыс болғанына бүгін бір
ай толды. Алайда құзырлы органдар оның әлі де неден мерт болғанын ресми түрде
мәлімдеуге асығар емес. Ал өткен жылдың сәуір айында осы мектеп қабырғасында
Даяна Нұртаева есімді оқушы спорт залда мұғалімнің салғырттығынан жарқат алған
болатын.
Аяғым ауырып кетеді, температурам көтеріле бастайды. Аяғым қатты
басқызбайды.
Даяна да Әділет оқыған мектептегі спорт залындағы өрмелейтін
арқаннан құлап кеткен. Дене шынықтыру сабағы кезінде мертіккен 6-сынып оқушысы
өткен жылдың мамыр айынан бері жүре алмай қалған.
Даяна Нұртаева:
Екі сыныптасым келді де мені қатты тербете бастады. Мен тоқтатыңдар деп
жыладым, олар одан ары қатты тербеді. Сол кезде ұшып кеттім. Бірнеше секундқа
дем ала алмай қалдым.
Осы оқиғадан соң, тек 18 күн өткенде алғашқы медициналық көмекке
жүгінген отбасы бәріне мектепті кінәлайды. Уақытында көмек көрсетілмегендіктен,
дерт асқынып кетуі мүмкін.
Индира Нұртаева, Даянаның анасы:
Мұғалім спорт залдан шығып кеткен. Жарайды, ол да қалсын. Бала болған соң
құлап жатады. Құрығанда маған хабарласып, балаңыз құлап қалды деп неге
ескертпеді? Қалай құлағанын айтса, не болмаса сол жерде жедел жәрдем шақырса
болмады ма?
Майра Молдабекова, №66 мектеп директорының орынбасары:
Балалар физкультурада құлайды да, тұрып ойнап жүре береді де. Егер өзі
айтқан болса, мүмкін, сол кезде шақыратын едік.
Даяна Нұртаеваның жамбасына екі рет Қазақстанда, бір рет Ресейде
ота жасалған. Бірақ бері қарайтын түрі жоқ. Дәрігерлер оған остеомиелит, яғни
сүйектің қабынып, оның үгітілуі деген диагноз қойған. Енді тұрмысы нашар, әрі
жалғыз басты ана шетелден ем іздеуге мәжбүр. Ал шындық іздеп шырылдаған Әділет
Қыдырәлиевтің туыстары құзырлы органдардан қылмыстық іс қозғап, мәселенің
ақ-қарасын ажыратуды талап етпек.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ