$446.65 €477.65 ₽5.49
×

Петропавл әуежайында жаңғырту жұмыстары шілденің 15-нде басталмақ

AstanaTV
10.07.2015ж. 20:00
1100
Петропавл әуежайында жаңғырту жұмыстары шілденің 15-нде басталмақ

Петропавл әуежайын қайта жаңғырту жұмыстары келесі аптада басталмақ. Бұл жайында біздің арна тілшілеріне Солтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исманов хабарлады. Қазір өңір келесі жылы өтетін аймақаралық форумға әзірлік үстінде. Ауқымды шараға Қазақстан және Ресей президенттері келеді деген жоспар бар. Осыған орай әуежай мәселесі қазір басты назарда.

1978 жылы жұмысын бастаған Қызылжар әуевокзалы күні бүгінге дейін жөндеу көрмеген. Кеңес Одағы кезінде ол күніне сексенге жуық рейске қызмет көрсетіпті. Бүгінде оның ұшып-қону жолағы әбден тозып, кәсіпорын тек санаулы ұшақтарды ғана қабылдап жүр. Жоспарға сәйкес, әуе кемелерінің негізгі жолы 300 метрге ұзартылып, 2 мың 800 метрге дейін жетуі тиіс, ал жалпақтығы қосымша 20 метрге кеңейтіледі. Ал, бұл өз кезегінде ұшақтардың кез-келген түрін қабылдауға мүмкіндік бермек. Бұдан бөлек, әуежайдың терминалы да жаңа кейіпке енеді. Айта кету керек, жөндеу жұмыстары барысында әуежай қызметі тоқтатылмайды. «Ұшақтар арнайы дайындалған уақытша жолақты пайдаланады», - дейді Бейбіт Исманов.

Бейбіт Исманов, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:


Әуежайдың терминалы мен ұшып-қону жолағын жаңарту үшін, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Жөндеу жұмыстарына барлығы 7 млрд 800 млн теңге қажет. Биыл оның 4 миллиарды республикалық бюджеттен бөлінді. Қалғаны келесі жылы беріледі. Қазір біз мердігер компанияны іздестіріп жатырмыз. Келесі аптада құрылыс жұмыстары басталады.

Абзал ҚҰРМАНКИН