$524.24 €612.94 ₽6.68
×

Америкада сотталған студенттерді елге қайтаруға мүмкіндік тууы ықтимал

AstanaTV
08.07.2015ж. 20:00
1376
Америкада сотталған студенттерді елге қайтаруға мүмкіндік тууы ықтимал

Америкада сотталған студенттер - Диас Қадырбаев пен Азамат Тажаяқовты елге қайтаруға ықпалдасуы ықтимал конвенцияны Парламент күзде қарамақ. Бас прокуратура келесі сессияда төменгі палатаға сотталғандарды қайтару бойынша конвенцияны енгізбек. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов мәжіліс үйінде айтты.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

Біз бүгін құқықтық көмек көрсету бойынша бірінші конвенцияны таныстырдық. Бұдан бөлек сотталған қылмыскерлерді қайтаруға мүмкіндік беретін тағы екі конвенция бар. Келесі сессия басында біз сотталғандарды қайтару бойынша конвенцияны әзірлейміз. Егер Парламент мақұлдап, Президент қол қоятын болса, оларды елге қайтарып, жазасын Қазақстанда өткеруге мүмкіндік болады. Бірақ ол үшін олардың өздерінің келісімі және Америка тарапының келісімі керек.

Еске салайық, қазақстандық студенттер 2013 жылы Бостонда болған террорлық әрекетке орай, тергеу амалдарына кедергі келтірді деген күдікпен ұсталған еді. Олар терактіні ұйымдастырған Джохар Царнаевтың дорбасын оның бөлмесінен алып шыққаны үшін айыпталды. Америка соты Қадырбаевты алты жылға, ал Тәжаяқовты 3,5 жылға бас бостандығынан айырды. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ