Елбасы
ғарышкер-сынақшы Айдын Айымбетовті қабылдады. Кездесуге Президенттің көмекшісі
- Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев пен Инвестициялар және даму
министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев та қатысты.
Президент Айымбетовтің халықаралық ғарыш стансасына ұшу дайындығы туралы
сұрады.
Нұрсұлтан
Назарбаев,
Қазақстан Республикасының Президенті:
Сені
ұшырып, ғарышкер қылу үшін, ғарышкерлер жасағында арнайы оқытудан өткеніңді
білесің. Әр түрлі себептермен осы жылдары ұша алмадық. Қазір Ресей тарапымен
келісімге келдік. Енді сені ұшырумен айналысамыз. Сен оқығалы біраз уақыт өтті.
Қазір дайындығың қалай?
Айдын
Айымбетов, ғарышкер-сынақшы:
Алға
қойылған тапсырманы орындауға дайынмын. Физикалық тұрғыдан денім сау. Медициналық тексерістен өттім. Ғарышкер-сынақшы ретінде барлық талаптардан өттім.
Дайындықты өте жақсы тапсырып жатырмын.
Еске
салайық, британдық әнші Сара Брайтман Халықаралық ғарыш станциясына турист
ретінде ұшу ниетінен айнып, орнын босатқасын, Ресейдің ғарыш агенттігі Айдын
Айымбетовтың кандидатурасын бекітті. «Союз ТМА-18М» кемесі ғарыш стансасына, бұған дейін айтылғандай, қыркүйектің бірі емес, екісінде ұшады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы, бас конструктордың орынбасары Владимир
Соловьевке сілтеме жасап, "Энергия" зымыран ғарыштық корпорациясы
хабарлайды. Экипаж құрамында жерлесіміз Айдын Айымбетовпен қоса ресейлік Сергей
Волков пен дат ғарышкері Андреас Могенсен ұшады деп күтілуде.
Айгүл ӘДЕПБАЙ