$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Үндістан премьер-министрі: «Үндістанның Қазақстаннан үйренері көп»

AstanaTV
08.07.2015ж. 20:00
1539
Үндістан премьер-министрі: «Үндістанның Қазақстаннан үйренері көп»

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди әлеуметтік желідегі 14 миллионға жуық оқырманына қазақ тілінде сәлем жолдады. Қазақ жерін алғаш басқан мейман өзінің Туиттер парақшасында  «Үндістанның Орталық Азиядағы сенімді досы - Қазақстанға келгеніме өте қуаныштымын» деген постты қазақ қарпімен терді.

Бүгін Үндістан үкіметі басшысы Астанаға сапарының екінші күнін өткерді. Ақордадағы ресми қабылдауда Қазақстан және Үндістан үкіметтері арасында сауда-саттық, қауіпсіздік, энергетика салаларында келісім құжаттарына қол қойылды. Қазақ-Үнді ынтымақтастығы жөнінде толығырақ Азамат Алдоңғаров тарқатады.

Азия кеңістігінде орналасқан алып мемлекет - Үндістан басшылығының қазақ еліне келуі алғаш. Халық саны бойынша Қытайдың өкшесін басқан елдің экономикалық дамуы мен саяси сахнадағы салмағы жыл санап артуда. 1 млрд 25 млн халық тұратын мемлекетпен сауда-саттық, достық қарым-қатынас орнату - Қазақстан сыртқы саясатының Азия векторындағы басты мақсаттарының бірі,  - деді Мемлекет басшысы. Қазір екі ел арасының жақындай түсуіне еш экономикалық һәм саяси кедергі жоқ. Бұл ең бастысы. Ал қалған жүгі жеңіл кедергілер өзара ынтымақтастық арқасында шешімін таппақ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көлік қатынасы саласында қиындықтар бар еді. Қазір Иран арқылы күре жолдың құрылысымен Бондрабас порты арқылы Үндістанның Мундра қаласындағы порттарымен байланыс орнайды. Бүгін ҚТЖ басшылығы үндістандық әріптестерімен тиісті келісімге қол қойды.

Қазақстан инфрақұрылымдық бағдарламаларының арқасында Түркіменстан арқылы Иранға шығып, ар жағында Оңтүстік Азияның алыбы - Үндістан нарығына жол ашып отыр. Алғашқы қадамды өзіміз жасағанымызбен, Үнді үкіметінің де Қазақстанға деген қызығушылығы жоғары. 2014 жылы екі ел арасында 1 млрд 300 млн долларға сауда жасалыпты. Бұл 2013 жылдың көрсеткішінен екі есе жоғары. Осы алыс-берістің еселене түсетінінің серті ретінде, бүгін Ақордада бес бірдей келісім жасалды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сәтпаев мұнай блогын барлау мақсатындағы бұрғылаудың басталуы үнді тарапының қатынасуымен, 2015-2019 жылдары Үндістанға 5 мың тонна уран жеткізу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды. Энергетика саласындағы ынтымақтастықтың жүйелі дамуының дәлелі  болып саналады.

Ынтымақтастық экономика, инвестициялар саласында да беки түспек. Қызметтестікті қыздыра түсу мақсатында екі ел өзара іс-қимыл жол картасын әзірлеп жатыр. Нарендра Моди өз сөзінде Үндістан қаншалықты қарымды мемлекет болғанымен, жас Қазақстаннан үйренері көп дейді. Премьер, Ресей мен Қытай сынды державалардың ортасында отырып, экономиканы ширатудың қыр-сырын үйреніп, пікір алмаспаққа, Нұрсұлтан Назарбаевты Үндістанға шақырды.

Нарендра Моди, Үндістан премьер-министрі:

Мен бұл жолғы сапарым қарым-қатынасымызды нығайта түсу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп санаймын. Мен сізді Үндістанға сапармен келуге шақырамын әрі Сізді тағатсыздана күтетін боламын.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

Пікір алмасу, сәті түссе, Уфада да жалғасады. Нұрсұлтан Назарбаев та, Нарендра Моди де 8 мен 10 шілде аралығында Башқұртстанда өтетін ШЫҰ-ның 15-ші саммитіне қатыспақ. 


Азамат АЛДОҢҒАРОВ