$532.74 €617.23 ₽6.77
×

Қырғызстан ЕЭО мүше болғанда, Қазақстан бидай мен ұнның экспортын арттыра алады

AstanaTV
09.07.2015ж. 20:00
1692
Қырғызстан ЕЭО мүше болғанда, Қазақстан бидай мен ұнның экспортын арттыра алады

Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғаннан кейін, Қазақстан бидай және ұн экспортын 50-60 пайызға арттыра алады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлімдеді. Бүгін Сенат Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы туралы шартты ратификациялады.

Енді көп ұзамай Қырғызстан мен Қазақстан шекарасындағы кедендік бекеттер алынады. Сөйтіп тауар, капитал, жұмыс күші емін-еркін ағыстайды. «Еңбек мигранттары қаптайды» деп алаңдаған сенаторларға мұндай мәселе тұрған жоқ деп, Ұлттық экономика министрі басу айтты. Ерболат Досаевтың айтуынша, қазақ-қырғыз сауда айналымы 1 млрд доллардан асқан.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Жыл сайын экспорт 10-15 пайызға өсу керек, деп ойлап отырмыз. Оның ішінде өзіміздің өндірісіміз шығарған машина, бидай, өйткені, өздеріңіз білесіздер, өткен жылы біздің ұн мен бидайға әдейі экспорт бажын енгізгеннен кейін, соның барлығын, Қырғызстан ЕАЭО мүшесі болғаннан кейін, баждарды алып тастау керек еді. Соның барлығын алғаннан кейін 2020 жылға дейін 50-60 пайызға дейін біздің экспорт көбейеді деген алдымызға қойған мақсаттарымыз осындай бар.

Жоғарғы палата сонымен қатар жаңа зейнеткерлік реформаны көздейтін заң жобасын мақұлдап Президенттің қол қоюына жіберді. Және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қатысты заң жобасына да бірінші оқылымда қолдау білдірді. Лаңкестерді қаржыландырудың жолын кесу мақсатында қаржылық операциялармен айналысатын тағы 5 субъектіге қаржылық мониторинг жүргізіледі. Олар ломбардтар, лицензиясыз лизинг берушілер, бағалы тастармен жұмыс жасайтындар, жылжымайтын мүлік нарығындағы делдардар мен төлем қабылдайтын операторлар. 

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Тізбедегі 12 қаржы мониторинг субектілеріне қосымша 5 субъект қосылады. Барлығынан ақпарат жинап, анализ жасау арқылы осындай жұмыс жүргізілетін болады. Екінші жағы, бұл жұмыстың халықаралық ұйымға кіретін елдерің тиісті уәкілетті органдарымен ақпарат алмасу арқылы, анализ жасап, тиісті ақпаратты құқық қорғау органдарына жіберу арқылы жұмыс жасалатын болады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ