Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Керекуде «Нұр Отан» партиясының қолдауымен балабақша ашылды

AstanaTV
04.11.2015ж. 20:00
1397
Керекуде «Нұр Отан» партиясының қолдауымен балабақша ашылды

Керекуде ерекше балабақша ашылды. 70-ке жуық мүмкіндігі шектеулі бүлдіршін арнаулы мекемеде тәрбиеленетін болады. Бұл игі іс «Нұр Отан» партиясының қолдауымен жүзеге асты. Қаңтар айында партияның қалалық филиалының ғимараты әкімдікке қайтарылған. Күрделі жөндеуден өткен нысан кемтар балалар мен олардың ата-аналарын қуанышқа бөледі.

4 жасар Мансұрға осыдан екі жыл бұрын дәрігерлер тіл кемістігі диагнозын қойған. Әуелі үйде жаттықтырған анасы, кейін ұлына арнайы маманның қажеттігін түсінеді. Өкінішке орай, қарапайым бақшадағы логопед тек дайындық топтарымен жұмыс істейді. Сондықтан бұл нысанның ашылуы Мансұр үшін өте маңызды. 

Интернет желісі деген дамыған қазір. Әрине, дайындалдық. Бірақ дәл балабақшадағыдай болмайды. Үйдің жұмыстарымен жүргеннен кейін балаға осынша көңіл бөлмейсің. Өте қуаныштымыз. Бөбектеріміз, Алла жазса, сөйлеп кетеді, деп ойлаймыз.

Балабақшаға  3 пен 6 жас аралығындағы 70 сәби қабылданған. Мүмкіндігі шектеулі балғындардың өзіндік әлемі бар. Демек, мұндағы әдістемелік бағдарлама да ерекше.

Сұлушаш Айтбаева, Павлодар қ. «Психологиялық, медициналық-педагогикалық кеңес» орталығының жетекшісі:

Диагноз ертерек анықталып, баламен арнайы мамандар жұмыс істесе, олардың 90 пайызы жалпы білім беретін ортаға оралады. Ауыр науқастар міндетті түрде арнаулы мекемеге жүгінгені абзал. Балабақшада ерекше балғындардың дамуына барлық жағдай жасалған. Әр топта логопед, психолог мамандар жұмыс істейді.

Бұл ғимаратта бұрын «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы қоныстанған еді. Жыл басында саяси ұйым нысанды бюджетке қайтарды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жөндеу жүргізіліп, ерекше үлгідегі "Нұр-бөбек" балабақшасы пайда болды. Игі іске 70 млн теңгедей жұмсалды. 53 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Нәйлә Ахметова, «Нұр Отан» партиясы Павлодар қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Партияның «Бақытты балалық» жобасы бойынша бүгінгі балалардың қуанышы - біздің ортақ қуанышымыз. Барлық ата-аналарға тек қана сәттілік тілейміз. Осындай балабақша көбейе берсін.

Қалалық білім бөлімінің ақпарынша, өткен жылы 2 600-дей мүмкіндігі шектеулі баланың ата-анасы арнайы кеңес орталығына жүгінген. Олардың тең жартысы - мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер. Шаһарда ерекше балғындарға арналған 5 балабақша жұмыс істейді. Біүгінгі ашылған мекеме - эмоционалдық ауытқуы бар балаларды қабылдайтын алғашқы нысан.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ