Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Ұлттық банк доллар бағамына қатысты түсініктеме бере алмады

AstanaTV
05.11.2015ж. 20:00
1190
Ұлттық банк доллар бағамына қатысты түсініктеме бере алмады

Доллар шарықтаған үстіне шарықтап барады. KASE-дегі кешкі сауда-саттықтан кейін АҚШ валютасы рекордты бағам орнатып, бір доллар 299 теңге 43 тиынға жетті. Айырбастау пункттері көк қағазды 300 теңгеден асырып саудалап жатыр. Ал Ұлттық банк доллар бағамына қатысты түсініктеме беруге асығар емес. Айгүл Әдепбай тарқатады.

Доллар бағамы неге 300 теңгеден асып жығылды? Сенаттың жалпы отырысына келген журналистер осы сауалды Ұлттық банктің су жаңа төрағасы Данияр Ақышевқа қоямыз ба деп үміттенген. Бірақ ол Алматыда екен. Сенатқа орынбасары Қуат Қожахметов келді. Алдымен тілшілерден тығылып баққан орынбасар журналистерден оңайлықпен құтыла алмасын біліп, өзі шықты. Құлдыраған теңгенің қайда барып тірелерін айта алмады, бірақ доллардың әлі қанша қырдан асатынын болжаудан да бас тартты.

Қуат Қожахметов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:

Осы мәселе бойынша Ұлттық банк жақын арада сәйкес ақпаратты береді.

Ұлттық банк өкілінің ізін ала шыққан Ұлттық экономика министрі де валюта бағамына қатысты жарытып жауап бермеді.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

298 бітірген еді бүгін таңертең. Ұлттық банктің жаңа төрағасы кешеден бастап жұмысын бастағаннан кейін, ендігі жетіде біз Үкіметте кездесу өткіземіз. Сонда біз қандай жұмыс істейтінімізді айтатын шығармыз.

Алайда сенаторлар үнсіз қала алмады. «Проблемалы несиелер туралы Заң жобасын таныстырған Ұлттық банк төрағасының орынбасарын сұрақтарға жауап бере алмағаны үшін сынап, оның біліктілігіне күмәнмен қарағандай болды.

Серік Жақсыбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Мамандардың дайындығы өте төмен. Бұл алаңдатады. Мен үш сұрақ қойдым. Бірақ жауап алған жоқпын. Доклад жасаған адам банк қызметі туралы білгенінің бәрін айтып бергісі келді. Бірақ ол сұрақтарға жауап беруге дайын емес.

Қуат Қожахметовтің айтуынша, проблемалы несиелер мөлшері 9,2 пайызға азайған. Жұмыс істемейтін несие көрсеткіші бір кездері рекордтық деңгейге жетіп, 33 пайызды құрағанын ескерсек, бұл айтарлықтай нәтиже. Заң жобасында ипотекалық несиелер бойынша өзгерістер де қамтылған. Төлем мерзімін өткізіп алған борышкерге бұрынғыдай пайыздарды емес, негізгі қарызын жабуға мүмкіндік берілмек. Банктер енді жұртқа шетел валютасымен несие беруді де доғарады,- деді Қуат Қожахметов. Жалақысын доллармен алатын азаматтар ғана банктен доллар бойынша несие рәсімдей алады. 

Айгүл Әдепбай, тілші:

Сонымен, доллардың бағамына қатысты ақыры мардымды жауап ала алмадық. Ұлттық банк төрағасының ауысуын бәзбіреулер ұтымды пайдаланып, 1-2 күнде көк қағаздың құнын 300 теңгеден асырып үлгерді. Күніне бір теңгеден қосып, кеудесін керіп ісініп келе жатқан доллар жағдайына қатысты жұрт шуы басылар емес. Қазнет "Келімбетовті қайтарыңдар", "Жаңа төраға - жаңа рекорд", «Келімбетовтің күні өтті», «экс-төрағамен жылап көрісетін болдық»,  дегендей жазбаларды бұрқыратып жатыр.

Айгүл ӘДЕПБАЙ