«Ұлы дала Елі» идеясы бір кездері ұлан байтақ
қазақ жерін мекендеген Түркі қағанаты дәуірінен бастау алады. Ұлт зиялыларының
пікірі осы. Бүгін Астанада бас қосқан азаматтар Елбасы көтерген бастама
төңірегінде пікір алмасып, оны іске асыру бойынша нақты ұсыныстарымен бөлісті.
«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің кезекті
отырысында тұжырымның халық тез танитын таңба-белгісін жасау, БАҚ арқылы
насихат жұмыстарын жүргізу жоспарлары пысықталды.
«Нұр
Отан» партиясының «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесі бүгін ел зиялыларының
басын қосты. Мақсат - «Ұлы дала Елі» идеясын іске асыру бойынша ой бөлісу. Бұл
мақсатта алдымен идеяның халық бірден танитындай үздік логотип жасауға байқау
жариялау ұсынылды. Екінші кезекте республикалық ақпарат құралдары арқылы
Тоныкөк заманы, Күлтегін жазбаларынан бері тарқатып, елдік пен бірлікке қатысты
аталы сөздерді жариялау басталмақ. Оның алғашқы бейнероликтері Астана
арнасынан көрсетіліп, цитаталар газет беттерінде жарық көреді.
Асқар
Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
«Нұр Отан» партиясы еліміздегі жетекші саяси
күш ретінде осы істерді үйлестіруге, Қазақстанның имиджін қалыптастыруға
бағытталған кешенді шаралардың қабылдануына, осыны іске асыруына бастамашы
болып, өзіндік үлесін қоспақ. Нақты айтқанда, осы идеяны насихаттау және іске
асыруға қажетті шара ол әлеуметтік-мемлекеттік тапсырыс аясында қабылданатын
шара, осыны бүгінгі кеңеске қатысып отырған тиісті министрліктердің лауазым
иелеріне ұсыныс ретінде айтамыз.
Жиында
«Ұлы дала өсиеті» бейне энциклопедиясы таныстырылды. Жиынға қатысқан
түркітанушы ғалым Мырзатай Жолдасбек партияның бұл бастамасын толық құптайтынын
жеткізді. Ғалым бұл іс-шара науқандық сипат алмауы тиіс дейді. Сондай-ақ ұлтты ұйыстыру ісін мықтап қолға
алатын уақыт жеткенін атап өтті.
Мырзатай
Жолдасбеков, филология ғылымдарының докторы, профессор:
Идеология
деген, өздеріңіз жақсы білесіздер, бұл компас сияқты ғой. Компасы жоқ кемені
егер мұхитқа айдап жіберсеңіздар, адасады, көкте самолет те адасуы мүмкін.
Біздің адамдар адаспауы үшін, қоғам адаспауы үшін, Қазақстан адаспауы үшін
осындай идея керек еді.
Қазақ
әдебиетінің тарихын көне түркі жазбаларынан таратып жазған ғалым, «Ұлы дала
Елі» идеясы Түркі қағанатынан бастау алғандығын, айтады. Ал қоғам белсендісі
Бекболат Тілеухан, «көне әрі жаңа» идеяны іске асыруда алысқа барудың қажеті
жоқ, деген ойда. Бұл - Қазақстанның «Ұлы дала» деп мойындалуының басы ғана.
Қазақтың жабайы жылқыны қолға үйретуі,
Алматының алманың отаны атануы, ғарышқа
барар қақпаның қазақ жерінен ашылғанына әлемнің назарын аудару секілді тарихи
істер жалғаса бермек,-дейді ол.
Бекболат
Тілеухан, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті:
«Мәңгілік
ел» және «Ұлы дала» тұжырымдамалары арасындағы байланысқа біз ерекше көңіл
бөлуіміз керек. Егер «Мәңгілік ел» қоғамның тұтастығына бағытталған ішкі құжат
болатын болса, «Ұлы дала елі» тұжырымдамасы бүгінде әлемдік кеңістікте
еліміздің сыртқы имиджіне ие болатын брендке айналуы керек шығар деп ойлаймын.
Келелі
кеңесте қазақ тілінің де жай-күйі сөз болды. Қатысушылар «Ұлы дала Елі» идеясы
мен тіл мәселесін бөле-жарып қарастыруға болмайды деген пікірге тоқтады.
Жоспарда мемлекеттік қызметтегі қазақ тілінің өрісін кеңейтіп, еліміздегі
кинотеатрларында көрсетілетін қазақ тілді туындыларды 60 пайызға жеткізу
жоспары бар. Ал тәртіпке бағынбағандарға шара қолдану жүйесі де қарастырылады.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ