«Самұрық-Қазына» жылжымайтын
мүлік қоры АҚ баспаналарының құны жыл сайын 4-5 пайызға өсуде. Акционерлік қоғамның
басқарма төрағасы Болат Палымбетов осыны мәлімдеді. Айтуынша, 2010 жылдан бері
қордың атсалысуымен бас-аяғы 1 миллион 300 мың шаршы метрді құрайтын пәтерлер
пайдалануға берілді. Оның 344 мың шаршы метрі «Аймақтарды дамыту-2020»
бағдарламасы аясында үлестірілген. Жылжымайтын мүлік қорының қатысуымен
еліміздің 11 аймағында тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Айта өтейік, қор құрылыс
жұмыстарына тікелей араласпайды, тек инвестор ретінде қолдау көрсетеді. Соның
арқасында шаршы метрлердің құнын бақылап
отырамыз, - дейді төраға.
Болат Палымбетов, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы:
2012 жылы, құрылысшылармен
келісімге отырған кезде, аймақтарда бір шаршы метрдің өзіндік құны 120 мың теңге
болатын. Алматы, Астана, Ақтау, Атырау қалаларында - 150 мың. 2013-14 жылдары
баға аймақтарда 132, қалаларда 164 мыңға жетті. Ал бүгінгі таңда, яғни 2015
жылы, бір шаршы метр құны аймақтарда 134 мың, Алматы, Астана, Атырау
қалаларында 171 мың теңге. Жыл сайын баға орташа алғанда 4-5 пайызға артып отыр.
Болат Палымбетов қор арқылы сатылымға
шығарылатын пәтерлер «жалға алу, кейіннен жекешелендіру» принципі бойынша
беріліп жатқанын айтады. Ондай пәтерлердің шекті мерзімі 15 жылды құрайды.
Инфляцияға қарамастан, ай сайынғы жарна мөлшері өспейді, деп қосты жылжымайтын
мүлік қорының басқарма төрағасы.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА