Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ақтөбеде қоғамдық көліктің жүргізушілері жиналып, базыналарын айтты

AstanaTV
06.11.2015ж. 20:00
2308
Ақтөбеде қоғамдық көліктің жүргізушілері жиналып, базыналарын айтты

Бүгін Ақтөбеде көліктері бұзылып, бағытқа шыға алмай қалған автобус жүргізушілері мен кондукторлар автопарк басшылығына базынасын айту үшін жиналды. Қоғамдық көлік жүргізушілерінің айтуынша, күніне 16 сағат рөлде отыруға мәжбүр. Оған қоса бірнеше айдан бері әлеуметтік төлемдерден қағылып отырған көрінеді. Күнделікті жоспардан бөлек, қосалқы бөлшекке деп, әрбір жүргізуші 1 700 теңге қосымша қаражат тапсыруға мәжбүр екенін де жеткізді.

Гүлсім Абақова, Ақтөбе қаласындағы №46 бағыттағы автобустың кондукторы:

Автобустар бағытта жүрген кезде сынып жатады. Жүргізушілер өз қалтасынан ақша шығарып қосалқы бөлшектерді сатып алғанына мен куә болдым. Тіпті өзім де барып сатып алған күнім болды.

Төрехан Құлбарақов, Ақтөбе қаласындағы №46 бағыттағы автобустың жүргізушісі:

Біз сағат 6-да шықсақ, 8-де кіреміз. Сонда неше сағат болды? 15-16 сағат? Ал бізде жазылады 10 сағат. 12 сағат, білмеймін, жазыла ма, жазылмай ма? Сонда 4 сағат қайда кетіп жатыр?

Мекеме басшылығы жұмысшылардың наразылығы орынсыз деп санайды. Жүргізушілерге өз қалтасынан қаражат шығаруды талап етпейміз,- деді. Қосалқы бөлшектің дер кезінде келмеуі, тендерге байланысты деп түсіндірді. Қазір бұл мекеме шаһардағы 16 бағыттың жолаушыларын тасымалдайды. Осыдан 2 жыл бұрын су жаңа 15 автобус сатып алынған. Бүгінде олардың 11-і ғана жұмысқа жарап тұр. Қалғандары істен шыққан. 

Серік  Әбілжанов, «Ақтөбе қаласының жолаушылар автокөлігі кәсіпорны» ЖШС директоры:

Бұл жерде ешқандай да алым-салық деген жоқ. Арнайы бұйрық бар, онымен барлық жұмысшыларды таныстырдық. Егер де біреу ақша талап етіп жатса, онда директорға келіп хабар беріңдер деп, айтқан болатынбыз. 

Мансұр ЕСХОЖИН