Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Ұлттық Банк төрағасының ауысына байланысты детальдар

AstanaTV
07.11.2015ж. 20:30
1307
Ұлттық Банк төрағасының ауысына байланысты детальдар

Ұлттық Банк төрағасының ауысына байланысты мынадай детальдар. Қайта-қайта болған девальвация мейлі терминді өзгертіп, «инфляциялық таргеттеу» деп атасақ та, теңгенің құлдырай құнсыздануы Қайрат Келімбетовті қызметінен алуға апарған басты фактор сияқты көрінеді. Оған бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорындағы қаржыны экономикаға, тіпті тағы сол ...банктерге беретіндерін айтқанын қосыңыз, жұрт кәдімгідей ашуланған. Алайда басты фактор ол емес тәрізді. Комментарий берген сарапшылардың айтқандарын таразыласақ, мәселе жұрттың ренішінде емес, мәселе - мүдде тартысында.

«... Соңғы уақытта Қайрат Келімбетовтің жақтастары азайып, қарсыластары көбейіп кетті. Ұлттық банк пен ірі банктердің қарым-қатынасы бұзылды. Ал ірі банктердің жон арқасын біздің саяси элитаның көптеген өкілдерінің мүдделері түзетіні құпия емес. Сол банктермен конфронтацияға түскен Келімбетов тиісінше, әлгі элитамен тәжікелесіп қалды. Бұл жазаланбай қалмайтын әрекет»,- деді Д.Сәтпаев.

Бұл комментарийдің шығу тегі – Қайрат Келімбетов екінші деңгейдегі банктерді «алыпсатарлықпен айналысады» деген қорытындыға итермелейтін мәлімдемелер жасаған-ды. Және ол, әжептәуір «күші» бар Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасымен де сырттай айтысып қоймаған... Ал сарапшының «түптеп келгенде Ұлттық Банк те, Үкімет те экономикадағы басты ойыншылар емес, олар мұнай бағасына, Ресей мен Қытайдағы экономикалық жағдайға тәуелді» деуі түптеп келгенде ҰБ төрағасының ауысуы өте маңызды шешім болса да, «кей ретте» сонша маңызды еместігіне нұсқайды...  Сонымен Президенттің айтуынша, ақша саясатын Ақышев мырза оңдайды:

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

¤

Қазір ҰБ пен теңгеге сенім азайды. Оған жол беруге болмайды. Елде теңге тапшылығы сезіледі, экономиканы несилендіру төмендеді. Бұл нашар көрсеткіштер. Оларды жөндеу керек. Данияр Ақышевтің білімі мен тәжірибесі осы мәселені еңсеруге жетеді деп сенемін.

Сарапшылар Данияр Ақышевтің білікті маман екенін жоққа шығармайды - 18 жыл Ұлттық банкте түрлі қызметтер атқарған, соның ішінде жеті жыл Төрағаның орынбасары болған. Ал былтырдан бері Президент Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Алайда  « ... онда әрине, лобби мүмкіндіктері аз, сондықтан оны элитадағы белгілі-бір ықпалды күштер бақылауға алуға тырысуы әбден мүмкін» деген пікір де білдіреді. Бұл «мүдде тартысы» -на байланысты әңгіменің жалғасы...

Айтпақшы, экономист Олжас Құдайбергенов жаңадан тағайындалған ҰБ төрағасының күрт девальвация жасауды жақтайтындардың қатарынан болғанын еске алған. Әлі де сол позицияда ма, білмейміз – анығы – осы аптада 1 доллардың құны бірден 300 теңгеден асып кетті. Жұмада валюта айырбастау орындары 1 долларды  311 теңгеден саудалады.