Алматыдағы барлық айыппұл
тұрағы жекешелендірілді. Бұл ақпаратты жаңадан құрылған «Алматы арнайы техникалық
тұрақ қызметі» серіктестігінің мамандары растады. Бұған дейін қолды болып,
жекелеген адамдардың пайда табу көзіне айналып келген тұрақта енді тәртіп пен
қауіпсіздік күшейеді. Бірақ мамандар айып тұрағын заңды тұрғыдан реттеу керек
деп отыр. Жылына 1 мыңнан аса көлікпен толығатын айып тұрақтарының қазіргі
жайын Ришат Асқарбекұлы біліп келді.
Алматыда айыппұл тұрақтары
мынадай көпірлердің астына орналастырылған. Елеусіз жатқан жерге жылына
мыңдаған автокөлік келіп кіреді. Кейбірі иесін табады. Ал қожайыны артынан іздеп
келмейтіні де жетерлік. Олардың көбі жыл өткен сайын тозып шіриді. Көбі
кеміргіштер асына айналады.
Айыппұл тұрағының қызметкерлері
көліктердің жекелеген бөлшектеріне жауапкершілік алмайды. Бастысы - машина
тұрса болды. Бейнебақылау, қарулы күзет мұнда атымен жоқ. Аумағы атшаптырым
жерді екі адам бақылайды. Олардың арасында элиталы автокөліктер де аз
емес.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Мұнда қаңтарылып тұрған әрбір
көліктің адамдар сияқты өз тағдыры бар. Арасында әркімнің қолы жете бермейтін
қымбаттары да кездеседі. Мәселен, мына «Ауди 7» маркалы машинаның шаң басып
тұрғанына бір жылдан асыпты. Оның иесі есірткі тасымалдағаны үшін 7 жыл жаза
арқалап кеткені белгілі болды.
Мұндағылар да иесі іздемейтін көліктерді өз бетімен утилизацияға жібере алмайды.
Себебі кез-келген уақытта машиналардың қожайыны пайда болуы мүмкін. Сондықтан
автокөліктер жылдап жата береді, дейді сарапшылар.
Геннадий
Баклайкин, ҚР жүргізушілер одағы төрағасының орынбасары:
Айыппұл
тұрақтарында мұндай көліктер қанша жылға дейін тұруы тиіс. Оны реттейтін
нормативтік құжаттар жоқ. Яғни заңдық тұрғыдан реттелмеген соң, коммуналдық
мекемелер оларды қайда жіберерлерін білмейді. Арысы 5-6 жылға дейін шіріп жата
береді. Шынымды айтсам, түбінде ондай көліктердің қызығын кім көретінін
білмеймін.
Әліби
Батырбеков, «Алматы арнайы
техникалық тұрақ қызметі» ЖШС
қызметкері:
Жеке
инвесторлар автотұрақтарды тәртіпке келтіреді, көріктендіру шарларын жасайды.
Міне, шеті ашық жатыр. Соны қоршап, камералар орнатады деп күтіп отырмыз.
Ал
Алматыда 6 бірдей айып тұрағы бар. Қазір онда иесіз қалған 1 300 көлік жатыр.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ