Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Даламыздан табылған Торғай геоглифтерін білесіз бе?

AstanaTV
07.11.2015ж. 20:30
2084
Даламыздан  табылған Торғай геоглифтерін білесіз бе?

Даламыздан  табылған Торғай геоглифтерін білесіз бе? Құпия өрнектерді археологиямен айналысқанды жаны сүйетін экономист Дмитрий Дей есімді азамат 2007 жылы тапқан.

Бірақ біріншіден, өрнектерді зерттейтін елімізде ғалым жоқ. Екіншіден, кейбір өрнектерді автокөліктер таптап тастаған, кейбірінің тіпті 10 пайыздан аспайтын бөлігі ғана қалған. Алайда біздің оқу-білім саласының шенеуніктері үшін жеріміздегі алғашқы архитектуралық құрылыстар болуы мүмкін геоглифтер айқұш-ұйқыш сызықтар ғана болып қалатын сияқты - дағдарыс дендеп барады...

Бұрын қаржы саласында еңбек еткен Дмитрий Дей қазір тылсым өрнектерді зерттеуге түбегейлі бет бұрған. Тіпті құпия белгілердің құндылығына қызыққаны соншалық,  баспанасын банкке кепілдікке қойып, қомақты несие  алыпты. Ол  археолог мамандармен бірлесе отырып,  Торғай даласында 8 жылдан бері арнайы экспедиция ұйымдастырып келеді. Оның айтуынша  көне  топырақ үйінділері темір дәуірі мен ғұн-сармат кезеңіне тиесілі болуы мүмкін. Алып шаршы мен айқыш геоглиф осыдан 9 мың жыл бұрын пайда болған деген болжам бар.

Дмитрий Дей, «Turgai Discovery» ғылыми-зерттеу жобасының жетекшісі:

Тек,  Торғай үстіртінде 55 геоглиф шоғырланған. Олардың қай дәуірге жататынын сол аумақпен байланыстырсақ, неолит кезеңіне сәйкес келеді. Менің ойымша тылсым өрнектердің алғашқысы осыдан 9 мың жыл бұрын салына бастаған. Кейінгілері 2700-2800 жыл бұрын аяқталған.

Дмитрий Дей  Торғай атырабынан  260 ескі  нысан табылғанын айтады. 2013 жылы объектілерді  ағылшын ғалымы Мотузайте Гиедре келіп зерттеген. Шетел ғалымы «Торғай геоглифтерінің» ең соңғылары  біздің заманымызға дейінгі бірінші ғасыр мен біздің заманымыздың бірінші ғасыры аралығында салынған, яғни олардың жасы 2,5 мың жыл. Тек ғарыштан көрінетін ең көне геоглифтер 7 мың және одан да бұрын жасалған- деген болжам айтқан көрінеді. Бағзыдан қалған өрнектер тек биіктен жақсы көрінеді. Төмпешіктерден жасалған  көне нысандардың ең ірісі  «Үштоғай шаршысы» мен «Торғай свастикасы». Олар жүзге жуық үйіндіден тұрады. Әр қабырғасының ұзындығы 280 метр. Одан басқа да сақина, екі сызықша тәріздес болып келетін фигуралардың да көлемі айтарлықтай үлкен.

 Дмитрий Дей, «Turgai Discovery» ғылыми-зерттеу жобасының жетекшісі:

Сол үлкен обьектілер жақсы сақталған.Бірақ жоғарыдан қарағанда қисық, төбешіктер ара қашықтығы біркелкі емес.Ал «Екідін» секілді көне, ең ежелгі өрнектерге келетін болсақ, кәдімгідей түп-түзу салынған.Аралары бірдей. Арнайы өлшеуіш құралымен белгілеп салынған секілді.

 Экспедиция мүшесі Андрей Логвин тылсым өрнектердің көне құрылыс екеніне көз жеткізгендерін айтады. Археологтар  топырақтан үйіліп салынған нысандардың  қорым немесе қоныс еместігін айтады. Ежелгі архитектуралық құрылыс  салт-жоралғыға байланысты  салынуы  мүмкін.Әзірге нақты тұжырым жасау қиын. Зерттеушілер аумақтың топырағына сараптама жүргізіпті. Логвиннің пікірінше көне белгілер қола дәуіріне жатады екен.

Андрей Логвин, археолог:

Бұл белгілер салт-жоралғымен байланысты деген болжам жасап отырмыз. Тұрмыстық маңызы болуы ықтимал дегенді де жоққа шығармаймыз. Яғни, белгілі бір аумақты айшықтау үшін жасалуы мүмкін.

Жер-жаһанның 126 елін аралап шыққан әйгілі саяхатшы Сапар Ысқақов  туған жердің төсінен табылған тылсым өрнектер арқылы елімізде туризмді дамытуға болатынына тоқталды.  Дәл осы тектес  көне  белгілер Перудегі Наска шөлінде бар. Ондағы  геоглифтерді  көруге  әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылып жатыр. -Ал бізге дүние ғалымдарының  назары Торғай даласына ауып отырған қазіргі уақытты  ұтымды пайдаланып, облыс, министрлік, тіпті үкімет деңгейінде  шешім қабылдап,  құпия бейнелерді еліміздің брендіне айналдыру қажет ,-  дейді саяхатшы.

Сапар Ысқақов, Халықаралық туризм және спорт академиясының  академигі:

Біз туризм жағынан ғана қараймыз.Жұртшылықты қызықтуры үшін. Ал, оны тексеру үшін шетеден ғадымдары шақырту қажет. Оған инвестиция жасау керек. Үкімет жағынан , білім және мәдениет министрлігі тарапынан көзқарас өзгеру керек.тіпті, көне жәдігерді сақтап қалу үшін ЮНЕСКО –ға шығу керек.

Төрткүл дүние көз тіккен көне белгілердің түп мағынасын Қазақстандық ғалымдар мен зерттеушілер дөп басып айта алмайды. Өйткені, елімізде геоглифтерді зерттейтін мамандар да, тиісінше ғылыми мекеме де жоқ.

Хамит Айтқұл, Мемлекеттік орталық мұражайдың археология бөлімінің басшысы:

Қазақстан бойынша геоглифтерді зерттеп, оның құндылығын, қайдан пайда болғанын, кімнің қалдырғанын зерттеген адам да, ғалым да жоқ.

Жаңа айттық, қазақ даласынан табылған  «Торғай геоглифтері» әлем ғалымдарының назарын аударып жатыр. «Turgay Discovery» ғылыми-зерттеу жобасының  жетекшісі Дмитрий Дейдің айтуынша, көне суреттерге АҚШ -тағы Питтсбург университетінің профессоры  Рональд Лапорте қызығушылық танытып отыр. Ал, НАСА ғарыш агенттігінің өкілдері құпия белгілерді зерттеу халықаралық  ғарыш станциясының бағдарламасына  енгізілгенін хабарлапты. Бұл іске шетелдік мамандардың араласуы жойылып кетудің алдында тұрған  көне нысандардың көбісін  сақтап қалуға  септігін тигізбек. Өйткені,  кейбір жергілікті тұрғындар  ескі үйінділердің  астынан қазына  іздеп жүрген көрінеді. Оған геоглифтердің кейбірінің көлік нөпірінің кесірінен тапталып қалғанын қосыңыз. Түгел тапталып қалмауы -  білім-ғылым шенеуніктерінің оларды айқұш-ұйқыш сызықтар деп қарамауында...

Заңғар Санай