$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Оралдықтар оқушы қыздарды азғырған британдық Барох Питерге қарсы қол жинауға кірісті

AstanaTV
07.02.2014ж. 20:00
1961
Оралдықтар оқушы қыздарды азғырған британдық Барох Питерге қарсы қол жинауға кірісті

Оралдықтар оқушы қыздарды азғырған британдық Барох Питерге қарсы қол жинауға кірісті. Бұған шетелдікке қатысты полицияның әрекетін заңсыз деп таныған сот шешімі түрткі болған. Шектен шыққан британдықтың сазайын беру туралы петицияға қол қойғандар қатары бір күннің ішінде 1000 адамға жуықтады. Петиция әлеуметтік желілерде де кеңінен таралып, азаматтар Бас прокуратура мен Жоғары соттың бұл іске әділ жаза кесуін талап етуде. 

Осыған дейін хабарлағанымыздай, британдық Барох Питер оралдық оқушы қыздарды азғырып, тәнін жалаңаштап суретке түсірген. Оның жеке заттарының ішінен 600-дей фотосурет табылды.Қыздардың ең кішісі 12 жаста. Қазір шетелдіктің шырмауына түскен 6 қыздың әке-шешесі полицияға арыз түсірді. Олардың үшеуі Орал қаласының, қалғандары Атыраудың. Әзірге порнографиялық материалдарды түсірді деген айыппен Барох Питердің үстінен қылмыстық іс қозғалды.


Жаннат Нұғманова, журналист:


Басқаларға үлгі ретінде міндетті түрде осы Барох Питерді ұстау керек. Оны халық көруі керек. Осындай ауыр қылмыс жасаған адам осындай жазасын өтеді деп. Оның паспортын беріп қойып, қайда кетсең, онда кет деп... ол не деген масқара? Ол кішкентай балаларды көндіріп отыр, жалаңаш фотоға түсіріп, оны біздің қоғам оны кешірмейді деп ойлаймын. 


Бүгін сот алдыңғы шешімнің күшін жойып, прокурорлардын наразылығын қанағаттандырды. Демек, полицейлер өз әрекетін заң аясында жүргізген. Бірақ құзырлы органдар британдықты қамауға алуға асықпай отыр. Сондықтан бұл мәселе басы ашық күйінде қалды. Ал британдық Барох Питер ешқайда кетпеу туралы қолхатпен, бостандықта жүре тұрады.


Еркін ҚАРИН