$533.61 €621.07 ₽6.78
×

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының сатып алу жүйесінде заңбұзушылықтар анықталды

AstanaTV
01.06.2015ж. 20:00
1339
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының сатып алу жүйесінде заңбұзушылықтар анықталды

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының сатып алу жүйесінде заңға қайшы әрекеттер көп. Жүйе заңмен реттелмеген. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жөніндегі кеңесінің төртінші отырысында айтылды.

Жиынға төрағалық еткен Азат Перуашевтің хабарлауынша, әрбір ұлттық компанияның өзіндік сатып алу ережесі бар. Ол ережелердің талаптары кейде Үкімет қаулысына қайшы келіп жатады. Перуашевтің тағы бір мәліметіне сүйенсек, соңғы екі жылда сатып алулар бойынша мемлекеттік органдарда жауапқа тартылғандар саны екі мың қызметшіден асса, ұлттық компанияларда тек 280-нен аса қызметкер жауапқа тартылған. Ал ұлттық компаниялардағы ақша айналымы мемлекеттік органдарға қарағанда 6-7 есе көп. Тек 2014 жылғы «Самұрық-Қазынаның» сатып алудағы ауқымы 3,5 трлн теңге, - дейді Преуашев. Осыған қарамастан, ұлттық компаниялар оффшорға ақша асырып, отандық кәсіпкерлерді қолдағысы жоқ, деген ойда кеңес төрағасы. Оның дерегінше, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері көлеңкелі әдіспен шетелге 140 млдр доллар кеткен. 

Азат Перуашев, ҚР «Атамекен» ҰКП сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы кеңес төрағасы:

Олар өз тауарын, мысалы, 500 млн теңге ұсынса, квазимемлекеттік компаниялар, ұлттық компаниялар дәл сондай тауарды 900 млн теңгеге алуға дайын екен. Екі есе қымбат. Бұл деген нені көрсетеді, осындай айырмашылықпен шығарған ақша шетелде қалады ғой. Бұл деген, біздің ойымызша, оффшорға қашатын ақша.

Перуашевтің айтуынша, квазимемлекеттік сектордағы жемқорлықты азайту үшін, аталмыш сектордағы сатып алуды реттейтін заң қабылдау керек. "Ақ жол" партиясы тиісті ұсыныспен Үкіметке сауал да жолдаған. Алайда министрлер кабинеті ондай заңға қажеттілік жоқ деген жауап қайырған. Осы ретте ұлттық палата мемлекеттік сатып алуларға мониторинг жүргізе алатындай пәрмен беруді сұрайды. Өйткені тек өткен жылы сатып алу бойынша кәсіпкерлерден 300-ге жуық арыз түскен. Шағымдардың 27 пайызы «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларына қатысты.

Серікбек Елшібеков, «Самұрық-Қазына контракт» ЖШС бас директоры:

Біз тексеру жүргіздік. Нәтижесінде заңбұзушылықтарды анықтадық. Еншілес компанияларға, оның ішінде «Қазақстан темір жолы» да бар, тендерді тоқтатып, құжаттарын ережеге сәйкестендіру ұйғарымын жібердік. Құжаттар қаралып жатыр, сондықтан бәрін түзетуге оларда әлі уақыт бар. Егер заңбұзушылықтар түзетілмей, біздің комияссияға жетсе, бізде сөгіс, қатаң сөгіс беру немесе жұмыстан қуу жазалары бар. 288 жағдайда біз жауапкершілікке тарттық. 


Айгүл ӘДЕПБАЙ