Орал
қаласындағы «Зенит» зауытында жасалған жаңа катер бүгін салтанатты
түрде Шаған өзеніне түсірілді. Жаңа көлік Каспий теңізіндегі ел шекарасын
қорғайтындарға беріледі. Олар енді контрабандашылар мен браконьерлерге заманауи
техникамен тосқауыл болмақ. Айта кетейік, бұл - ЭФСИ-19 жобасы бойынша жасалған
төртінші катер. Жағалау күзетінің оң
қолына айналған су көлігі жайлы келесі бейнематериалда.
Экипажы бес адамнан тұратын катер ашық теңізде үш тәулік бойына жүруге
қауқарлы. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің тапсырысымен жасалған
жаңа көлік сағатына жүз шақырым жүзе алады.
Вячеслав
Валиев, «Оралдық
«Зенит» зауыты»
АҚ бас директоры:
Катер
әлемдік кеме жасаудың соңғы үлгілеріне сай жасалған, өте жүйрік. Корпусының да
үлгісі ерекше, қозғалтқышы да қуатты. Сондықтан теңіздегі толқынға қарамастан,
түрлі маневрлер жасауға икемді. Көліктегі қару дистанциялық жүйе арқылы
басқарылады.
Бұл
зауыт кеме жасау ісімен 1993 жылдан бері айналысады. Содан бері «Сұңқар»,
«Бүркіт», «Барыс» кемелері мен FC-19 жобасындағы 3 катерді жасап шығарды. Бұл
катерлер бүгінде Жағалау күзетінің оң қолына айналған.
Катер
командирі Олжас Қуанов бар болғаны 22 жаста. Жас капитан көк теңізде
браконьерлермен ашық айқасқа да түсіпті. Бүгін ол жаңа катерді қабылдап алды.
Олжас
Қуанов, катер
командирі:
ҒС-19
проекті мені өте қуантты. Осындай проектіде өзім екі жылдай командир болдым.
Өте қуаныштымын. Өзім 30-дан астам браконьерлерді ұстадым, сол кезде мына катер
өзін мықты көрсетті.
ҒС-19 жобасы бойынша жасалған бұл катерлер осыған дейін 300-дей
браконьерлік қайықтың жолын кесіпті. Толқынға қарамастан, көздегенін құлататын
үлкен калибрлі мына пулемет те Оралдағы қару-жарақ зауытында жасалыпты.
Еркін
Карин, тілші:
Катерді
басқару кәдімгі автокөліктегі секілді. Жұмсақ та, жайлы отырғыш, штурвал мен
басқару панелі, барлығы да роллс-ройстікі. Жанға жайлы, әрі сырт көзге әдемі
көрінеді. Тек автокөліктегідей газ бен тежегіштің педалін таба алмадық. Ал
білікті капитанға тап болса, бұл катер 6-7 баллдық теңіз дауылына да төтеп
береді.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жағалау күзеті тағы да осындай катерге тапсырыс бермек.
Ал бүгін суға түсірілген катер Жайық өзені арқылы Каспийге жол тартады. Зенит
зауыты шекара күзетіне арнап бұдан да қуатты кемелер жасауды жоспарлап отыр.
Еркін
КАРИН