Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қызылордада соғыс жылдарындағы әскери госпиталі ашылды

AstanaTV
04.05.2015ж. 20:00
1257
Қызылордада соғыс жылдарындағы әскери госпиталі ашылды

Қызылордада соғыс жылдарын еске салатын әскери госпиталь ашылды. Санитарлар мен медбикелер зеңбілмен жаралы жауынгерлерді тасып, алғашқы көмекті көрсетіп бақты. Облыстық медицина орталығы осыдан 70 жыл бұрынғы майдан даласын осылай сахналады. Шараға арнайы соғыс және тыл ардагерлері шақыртылды. Қонақтарға жауынгер ботқасы тартылып, әскери әндер айтылды. Әріптесіміз Шарипа Сақтапова ардагерлермен бірге әскери қалашыққа барып қайтты. 

Сахналанған қойылымды сырттай тамашалап отырған Кеңесбай ақсақал, ұйымдастырушылардың еңбегін жоғары бағалады. Ол майданда фельдшер болып, жаралы сарбаздарды арқасына салып тасыған күндерін күрсіне еске алады.

Кеңесбай Қали, Отан соғысының ардагері:

Бір майданға кіргенде, 20-30 адам жарақаттанады. Бірінші жәрдем көрсету - менің жұмысым. Оқ пен оттың ортасында жүріп, жәрдем көрсету.

Дала госпиталі Шырынкүл Ахметованың өмірінен де ойып орын алған. Жиырма жасқа енді ғана аяқ басқан қайсар бойжеткен медбикелер курсын аяқтай сала, майдандағы дала қосына аттанғанын айтады.

Соғысқа жарамсыз деп танылған сарбаздар, қарттар, әйелдер мен балалар соғыстағы жауынгерлер үшін егін егіп, азық-түлік әзірлеген. 95-тегі кейуананың айтуынша, тылдағылардың жеңіске қосқан үлесі мол.

Шырынкүл Ахметова, тыл ардагері:

Егіннің басына 2 шақырым жерге жаяу барып, жаяу келемін. 8-де кетемін, 8-де әрең келемін. Сөйтіп отырып қолғап тоқимын, носки тоқимын, жылы киім жинап фронтқа жіберемін. Біздің еңбегімізді өлшеуге бомайды, оны міндет қылуға болмайды. Ол - біздің міндетіміз еді.

Облыстық медицина орталығы әскери госпиталь өмірінен бөлек, дала асханасын ұйымдастырған. Қарт жауынгерлерге майдандағы ботқа таратылып, жорықта су құйып алып жүретін құтылар ұсынылды. Жалпы соғыс жылдарында Қызылорда облысында 11 дала госпиталі жұмыс істеген.

Сапар Рахменшеев, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Арал ауданында, Қазалы, Қармақшы, Сырдария аудандарында, мына Жаңақорған ауданында, Қызылорда қаласының ортасында осындай полевой госпитальдар қызмет көрсеткен. Енді осының нәтижесінде 55 пайыздан астам жауынгерлер қайтадан қатарға қосылып, Отанды әрі қарай қорғады.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 700 мыңдай медицина мамандары қатысқан. Оның ішінде 5 мыңнан астам дәрігер мен 17 мың фельдшер - Қызылордадан шыққан азаматтар.

Шарипа САҚТАПОВА