Қорымыз қомақты бола түседі. Қазақстанда алтынның қоры ұлғаятын болды. Бұл
туралы біздің арнамызға Ұлттық банктің өкілі хабарлады. Қазіргі таңда
еліміздегі алтын қоры бес миллион унцияны құрайды. Бұл - шамамен 157 тонна.
Бағалы металл қорының жартысына жуығы Ұлттық банктің кассалық операциялар мен
құндылықтарды сақтау орталығында тұр.
"Алтынның қорын айтарлықтай арттыруға
2011 жылы енгізілген ережелер негізінде қол жеткіздік",- деп атап өтті Ұлттық банк өкілі. Айтуынша, аталған бастамаға сай, мемлекет сапалы алтынды негізінен
отандық өндірушілерден сатып алатын болады.
Ғалым Бектемісов, ҚР ҰБ монетарлық операциялар мен активтерді басқару
департаментінің бас маманы:
Ұлттық банк алтынды отандық өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік беретін
басымдық құқығын пайдалануды көздеп отыр. Осылайша, алтынның қолда бар қорын
ұлғайту жоспарлануда. Бұл қазақстандық өндірушілердің өндіріс көлеміне де
байланысты. Мемлекеттің алтынды сатып алу туралы басымдық құқының күшіне енуіне
байланысты алтын мен алтын-валюта активтері, нақтырақ айтсақ, алтын портфелі 64
тоннаға көбейді.
Еркін ҚАРИН