Оралда, Сирияға барып соғыспақ болған деген күдікпен футбол
ойыншысы іздестірілуде. Жергілікті «Ақжайық» футбол командасының бұрынғы
ойыншысы-Айбек Ғұбайдуллинге халықаралық іздеу салынғаны туралы ақпаратты, БҚО
ІІД баспасөз қызметі растады. Ресми мәліметке сүйенсек, Ғұбайдуллин Сирия
аумағындағы әскери қақтығыстарға қатысқан көрінеді. Лаңкестік әрекеттерге
қатысы бар деген күдікпен бұрынғы футболшының үстінен ҚР ҚК 257-бабы
бойынша қылмыстық іс те қозғалған. Ресми орын өкілдері, әзірге оны табу мүмкін
болмай отырғанын айтады. Құқық қорғау органдарының дерегінше, ол әлі күнге
Сирия аумағында. Айбек Ғұбайдуллинді қамауға алуға сот та рұқсат берген.
Айта кетелік, бұған дейін де Оралда әсіре діншіл содырларға
қосылмақ болған үш азамат сотталған еді. Радикалды діни көзқарастағылар Сирия
мен Ирак жерінде соғысуға дайындалып, өздерін «Ислам мемлекеті» деп атаған
ұйымға қосылуды жоспарлаған. Алайда, жат жерде қан төгуге асыққандар алысқа
ұзамай, қолға түсіп, барлығы да 3 жыл 6 айға сотталған еді.
Еркін КАРИН