Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Алматы облысында оқушылар мінген автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, 6 бала жарақат алды

AstanaTV
22.05.2015ж. 20:00
1439
Алматы облысында оқушылар мінген автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, 6 бала жарақат алды

Алматы облысы Іле ауданына қарасты «Достық» саяжайы маңында мектеп оқушылары мінген автобус пен жеңіл көлік соқтығысты. Салдарынан қоғамдық көліктегі 13 оқушының алтауы жарақат алған. Олар жедел түрде қалалық №1 балалар ауруханасына жеткізілді. 

Жасұлан Жұмақанов, Алматы қаласындағы №164 мектептің оқушысы:

Менің аяғым ауырып қалды, басқа достарым сотрясение алды. Кейбіреулері шошынғаннан жылап жіберді. Оның ішінде қыздар болды.

Гүлмира Егеубаева:

Жол ережесін сақтау керек. Бала тасып келе жатыр, мал емес. Абырой болғанда, немере қызым аман қалды.

«Достық» саяжай алабында білім ордасы жоқ. Сол себепті балалар Алатау ауданында орналасқан №164 мектепке қатынап оқуға мәжбүр. Тұрғындар балаларды таситын автобусты өз қалталарынан ақша төлеп, жалдап отырғанын айтады. Балалармен бірге автобуста болған ата-аналардың айтуынша, асыққан жеңіл көлік оқушылар отырған қоғамдық көлікті бүйірінен соққан.

Қазір дер кезінде ем-шара көрсетіліп, жарақаты таңылған бес бала үйлеріне жіберілді. Аурухана басшысы Абай Құсайыновтың айтуынша, соққыдан аздап миы шайқалған 10 жасар Айдана есімді оқушы бір аптаға дейін дәрігерлердің жіті бақылауында болмақ. Полицейлердің ақпарынша, қазір жол-көлік оқиғасының себеп-салдары анықталуда.