$511.59 €575.28 ₽6.33
×

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 8-ші Астана экономикалық форумына қатысады

AstanaTV
22.05.2015ж. 13:00
1195
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 8-ші Астана экономикалық форумына қатысады

Президент Нұрсұлтан Назарбаев біріккен Еуразиялық Экономикалық кеңістік құруды ұсынды. Бүгін Елордада өтіп жатқан VІІІ Астана экономикалық форумында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы аталған Экономикалық кеңістікті құруды ұсына отырып, «барлық қатысушылардың ұлттық мүддесіне жауап беретін ортақ ережелер  қабылдаудың маңызды екеніне» тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Біріккен Еуразиялық Экономикалық кеңістік құруды ұсынамын. Бізге барлық қатысушылардың ұлттық мүддесіне жауап беретін ортақ ережелер  қабылдау маңызды. Ережелер, ең алдымен, ресурстардың саудасы, тасымалдануы және қозғалысына қатысты болуы керек. Біріккен Еуразиялық кеңістік шеңберінде тұрақты түрде қызмет ететін алаң құру қажет. Бұл алаңда құрлықты дамыту, оның мүшелері арасындағы ықпалдастықты күшейту бойынша ұсыныстар әзірленетін болады. Астана экономикалық форумы осындай алаң бола алады».

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Инфрақұрылым: Экономиканың тұрақты өрлеуінің драйвері» тақырыбындағы Астана экономикалық форумы жалғасуда. Пленарлық отырыс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатыр. Сонымен қатар форумға Ұлы Люксембург Герцогтігінің Премьер-Министрі Ксавье Беттель, БҰҰ Даму бағдарламасының әкімшісі Хелен Кларк, «JPMorgan Chase International» корпорациясы төрағасы Джейкоб Френкель, ХВҚ бас экономисі, Гарвард университетінің профессоры Кеннет Рогофф қатысуда. 21 мамыр күні басталған VIII Астана экономикалық форумына шамамен 90 елден делегат келді. Олардың қатарында 200-ге жуық вип-спикер, экс-премьер-министрлер, парламент мүшелері, қаржы институттарының өкілдері, Нобель сыйлығының иегерлері, халықаралық ұйымдар басшылары және белгілі ғалымдар бар. Форум аясында отызға жуық сессия өтеді. Олардың барлығы экономикадағы әлеуеті зор салалардың бірі - инфрақұрылымды дамыту тақырыбына арналады. Айта кетейік, форумды ұйымдастыруға БҰҰ, ЕҚЫҰ,  Дүниежүзілік банк сияқты іргелі ұйымдар атсалысып отыр.

Берік ХАСЕНОВ