×

Биыл Қазақстан экономикасының өсімі 5-6 пайызға төмендейді - Нуриэль Рубини

AstanaTV
21.05.2015ж. 20:00
1571
Биыл Қазақстан экономикасының өсімі 5-6 пайызға төмендейді - Нуриэль Рубини

VIII Астана экономикалық форумы - қалыптасқан әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайынан шығу жолдарын іздестіру алаңы. Бүгін елордада әлемнің 90 мемлекетінен келген 3 мыңға жуық делегат жаһандық экономиканың өзекті мәселерін қызу талқылады. Тәуелсіздік сарайының қабырғасында Мәскеу мен Батыс арасындағы санкциялық теке-тірес пен Еуразиялық экономикалық одақтың бизнестік потенциалы да сөз болды. «Не істемек керек?» деген сауалға әлемнің белді сарапшылары ой тарқатты. Форум жұмысы туралы Азамат Алдоңғаровтың материалында.

Дәстүрлі Астана форумы - көптің пікірінше, бүгінгі қалыптасқан экономикалық, саяси жағдайда сан түйіткілдің басын ашып, кеңесе шешім іздейтін таптырмас алаң. Кей сарапшылар сегізінші экономикалық форумның сапасы мен салмағы арта түсті деген ойда. Жиынның алғашқы күнінде өткен секциялардың бірі - "Еуразия экономикалық одағы - бизнестің мүмкіндіктері" тақырыбына арналды.  Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстан арасында тауар айналымының еркін әрі ашық жүруін қамтамасыз ететін одақтың тағы бір міндеті  - өзге мемлекеттер арқылы Ресей аумағында шектеу салынған тауарлардың импортына жол бермеу. Ресей сарапшылары, Мәскеу мен Батыс арасындағы сауда-саттық экономикалық одақтас мемлекеттер үшін зор мүмкіндік, деген ойын білдірді.

Дмитрий Курочкин, Ресей сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті:

Бұл қадамдар біздің елдерге қосымша мүмкіндіктер тудырды. Қазақстан мен Беларусьтің ауыл шаруашылығы тауарларына, өндіріс бойынша Ресей сынды үлкен нарық ашылып отыр. Ресейге қарсы шектеу енгізген елдер ол шектеулерді жою-жоймауды өздері шешер. Ал біз импорт алмасуды барынша арттыруға тырысамыз. Елдерімізде кәсіпкерлік-инвестициялық ахуалды жақсарту арқылы, отандық өндірушіге қолдау көрсету қажет.

Ресейлік маман бүгінгі санкциялардың экономикалық әсеріне қарағанда саяси мұраттары басым екенін айтады. Бұл теке-тірестің де алысқа бармайтынын болжаған ол, нәтижесінде Батыс елдерінің экспорттық беделіне нұқсан келеді деген пікірде. Дмитрий Курочкин Қазақстанның осы жылдың соңына дейін ДСҰ-на енуіне қатысты да пікір білдірді.

Дмитрий Курочкин, Ресей сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті:

Дүниежүзілік сауда ұйымына, сол ұйымның талаптарына сай, бірыңғай кедендік кеңістік елдері бірге енуі тиіс еді. Қазақстан мен Беларусь іс жүзінде дүниежүзілік сауда ұйымы нормаларын орындап жатқандықтан, қандай да бір қайшылықтар туындамайды деп ойлаймын. Оның үстіне Қырғызстанның сауда ұйымына бұрыннан мүше екендігін ескерсек, оның да шешімі бар.

Еуразиялық одақта туындаған түйткілді мәселелерді енді - құрылуы туралы бүгін келісім жасалған - Іскерлік кеңес реттейтін болды. Трансшекаралық нарықта жосықсыз бәсеке тіркелген күнде одақтастар осы кеңестің көмегіне жүгінеді. Биылғы экономикалық форумға әлемдік дағдарысты болжаған атақты америкалық сарапшы Нуриэль Рубинидің келуі де - форум деңгейінің көрсеткіші. Жаһандық қаржы саласындағы беделді маман Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтағы мүмкіндігі мен перспективаларына тоқталды.

Нуриэль Рубини, Нью-Йорк университетінің профессоры, экономист, АҚШ:

Қазақстанның ЕАЭО-қа енуі асығыс қадам болған жоқ. Себебі Ресей бүгінге дейін Қазақстанның басты экономикалық серіктесі болып келді. Сондықтан Қазақстан үшін еуразиялық интеграция көп жетістік әкелуі мүмкін. Бірақ Қазақстан одақ ішінде Еуропа, АҚШ, Қытайдан оқшауланбауы тиіс. Әлемге Қазақстанның мультивекторлы саясатының жалғасқаны маңызды. Қазақстан қарқынды дамып келе жатқан Қытай экономикасымен ықпалдасса, көбірек пайда көреді. Күллі әлеммен интеграциялану керек.

Әлемге өзінің көріпкелдігімен танылған экономист алдағы жылдардағы Қазақстанның аяқ алысын да болжам жасады.

Нуриэль Рубини, Нью-Йорк университетінің профессоры, экономист, АҚШ:

Биыл Қазақстан экономикасының өсімі 5-6 пайызға төмендейді деп болжануда. Себебі сіздің экономика Ресеймен тығыз байланысты, сондықтан рубль девальвациясы, мұнай бағасы Қазақстанға әсер етпей қоймайды. Десе де, Қазақстанда валюта бағамының тепе-теңдігін сақтап отыруға жетерлік қаржы қоры бар. Ендігі кезекте Үкімет пен Ұлттық банк ақылды шешімдер қабылдауы қажет.

Екі күн ішінде жоспарланған 30 секцияда айтылған әрбір тұшымды ой-пікір ескерусіз қалмайды. Форумның қожайыны ретінде, Қазақстан да екі күндік жиыннан барынша пайдалы қорытынды жасауға тырысады. Реті келсе, маңызды келіссөздер жүргізіп, қажетті келісімдер жасасуды көздейді. Ертең форумға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп жоспарлануда. Жүгі ауыр, сүйекті секциялар да ертеңгі күннің еншісінде. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ