$510.59 €578.91 ₽6.37
×

«Астана» 2017 жылы халықаралық қаржы орталығына айналуы тиіс -100 қадам

AstanaTV
21.05.2015ж. 20:00
1436
«Астана» 2017 жылы халықаралық қаржы орталығына айналуы тиіс -100 қадам

Президент бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамында «Астана» 2017 жылы халықаралық қаржы орталығына айналуы тиіс деген еді. Осыған орай Ұлттық банкке 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін кезең-кезеңімен Алматыдан Елордаға көшу тапсырмасы берілді. Бұл жөнінде 19 мамырдағы Президент жарлығында көрсетілген. Ұлт жоспарының "индустрияландыру жəне экономикалық өсім" бөлігінде Мемлекет басшысы ASTANA EXPO - 2017 инфрақұрылымдары арқауында арнаулы мәртебе бере отырып, Астана халықаралық қаржы орталығын құру мәселесін қамтыған. Және оны ТМД елдері, Еуропа және Орталық Азия үшін қаржы хабы ретінде қалыптастыру керектігін айтты.

Болашақта Астананың әлемдегі 20 алдыңғы қатарлы қаржы орталықтарының сапына енуі жоспарланған. Сондай-ақ, Астанада оффшорлық қаржы орталығы да құрылуы мүмкін. Қаржы орталығы аумағында ресми тіл ретінде ағылшын тілі енгізіледі. Ұлттық банк пен Үкімет  2015 жылдың 1 қыркүйегіне дейін орталықты құру және оның қызметін қамтамасыз ету туралы заң жобасын әзірлеп Парламент қарауына ұсынуы керек. «100 нақты қадам» еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі бас жоспары болып табылады.

Индустрияландыру жəне экономикалық өсім

*  ASTANA EXPO - 2017 инфрақұрылымдары арқауында арнаулы мәртебе бере отырып, астана халықаралық қаржы орталығын (АІҒС) құру. Қаржы орталығының ерекше заңды мәртебесін конституцияда бекіту. Орталықтың ТМД, сондай-ақ, Батыс және Орталық Азияның барлық өңірлерінің елдері үшін қаржы хабы ретінде қалыптастыру.

Өзіндік заңдылықтары бар тәуелсіз сот жүйесін құру, ол ағылшындық құқық қағидаттарымен қызмет істейтін болады. Судьялар корпусы шетелдік мамандардан құрылады. Болашақта Қазақстанның қаржы хабы әлемнің 20 алдыңғы қатарлы қаржы орталықтарының қатарына енуі тиіс.

Қаржы орталығының даму стратегиясын капитал нарықтарына қызмет көрсету және исламдық қаржыландыру мамандығына сәйкес әзірлеу. Элиталық қаржы қызметінің жаңа түрлерін, соның ішінде "private banking" активтерді басқару саласындағы қызметтерді дамыту. Орталыққа либералды салық режимін енгізу. Оффшорлық қаржылық орталық құрылуы мүмкін. Дубайдың үлгісі бойынша инвестициялық резиденттік қағидатын енгізу.

* Қаржы орталығы аумағында ресми тіл ретінде ағылшын тілін енгізу.Орталықтың дербес заңдылықтары ағылшын тілінде жасалынуы және қолданылуы тиіс.

* Қаржы орталығының халықаралық көліктік қолжетімділігін қамтамасыз ету. Қаржы орталығының жетекші қаржы орталықтарымен жүйелі және жайлы әуе қатынасы жүйесін құру. 


Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА